Жетісу облысында егін орағы басталды

Жетісу облысының шаруалары егін жинауға кірісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Егінге орақты алғаш болып Кербұлақ ауданының диқандары салды. Биыл олар 113 мың гектардан аса жерге дәнді дақыл еккен. Ел ырыздығы саналатын бидайдың шығымы қандай?

Саят Ердесовтың егін ору науқанына білек сыбана кіріскеніне бір аптаға жуықтады. 6 жылдық еңбек өтілі бар комбайншы күніне 50-60 гектар астық орады.

Саят Ердесов, комбайншы:

- Қазір қолайлы жақсы болып тұр ауа райы. Көмектесіп жатыр ауа райы да. Жауын-шашын болса, шаба алмаймыз, тұрып қаламыз. Осыны пайдаланып, орып алу керек астықты. Жерге шашпай, төкпей.

Шаруашылықтағылар 3 мың гектарға күздік бидай сепкен. Соның біраз  бөлігін орып үлгерді. Тәлімді жердегі астықтың түсімі былтырмен салыстырғанда аз.

Талғат Сманов, агроном:

- Егілгені жақсы егілді. Хорш деген немецкий технологиямен еккенбіз. Бірақ жаңбыр жаумады. Содан түсім төмен түсті. Өткен жылы 25-тен болды. Биыл  18-20 болып тұр. Жанармай қымбат, сайман қымбат. Әркім өз бағасын қойып сатып жатыр. Кеше бір қаңылтырды 1 млн теңгеге сатып алдық. Балон 4-5 млн тұрады. Джон дирлардікі. Астық арзан. Ешкім оны қымбатқа алмайды.

Қалыптасқан жағдайға қарамастан шаруалар алтын астықты шашау шығармай, жинап алуға тырысып жатыр. Әзірге науқан Күреңбел өңірінде ғана басталды. Ал таулы аймақтың диқандары дәнді дақылды тамыз-қыркүйек айларында орады.  

Бақтияр Шампиков, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Масақты дәнді дақылдың көлемі 263 мың гектарды құрайды. Оның ішінде күздік дақылдар – 68 мың гектар. Бүгінгі күнге Кербұлақ ауданында алғашқы 250 гектар шабылды. 500 тоннаға дейін өнім алынды. Күздік бидай.

Жетісулық диқандар биыл 861 мың тонна өнім жинап, ел ырыздығын еселеуге үлес қосуды жоспарлап отыр.