Атырау облысында тағы бір табиғат ластаушы анықталды
Атырау облысында қоршаған ортаға зиянды қалдық су төгіп жатқан тағы бір компания анықталды.
Газ химиясы кешенінен шыққан лас суды тазартып, кері пайдалануға жіберетін серіктестік, өзіне тиесілі жасанды көлді құрғатуға асығар емес. Қазір құбырдан аққан су, мал жайылымына жайылып барады. Оқиға орнына барып, жағдайды көзбен көріп қайтқан облыстық мәслихат депутаттары мәселе шұғыл шешімін таппаса, Бас Прокуратураға арыздануға бекініп отыр.
Бүгінде көлемі ат шаптырым айдынға айналған залалды көлшікті алғаш көріп дабыл қаққан Мақат ауданының белсендідері мен табиғат жанашырлары болатын. Кейін мәселе облыстық маслихатқа жетіп, депутаттар табиғат ластаушы компанияның жұмысымен танысты. Белгілі қоғам белсендісі, депутат Арман Хайруллин маман ретінде қалдық судың құрамын тізбелеп берді.
Арман Хайруллин, облыстық Мәслихат депутаты:
- Бұлардың құрамы нитраттарға, аммоний сульфаттарына, ауыр темірлерге және өзгелерге бай екені алғашқы сараптама мәлімдеген болатын. Бүгін біз тәуелсіз сараптамамызды жүргізу үшін, альтернативалық мәліметтер алу үшін арнаулы компанияны шақырып, жұмыстарды жүргізіп жатырмыз.
«Депутаттар құрамы беймәлім қалдық суды жайылым жерге жіберіп отырғандар жауапкершіліктен жалтармауы керек. Өйткені, оның зардабын алдымен мал, сосын адамдар тартады»,- деп жауапты серіктестікті қыспаққа алды. Мекеме басшысы болса, жасанды көлдегі құбырмен кетіп жатқан суға біздің қатысымыз жоқ. Суды сұраусыз пайдаланған құрылыс компаниясы деп бастарын ала қашты.
Төлеубек Сүйіндіков, құрылыс компаниясының басшысы:
- Құрылысшылар біздің рұқсатымызсыз жасанды көлден су алған. Мәселенің мән жайын анықтаймыз. Жалпы біздегі су тазартатын барлық құрылғы жұмыс жасап тұр. Қазіргі уақытта KPI-да жөндеу жұмыстары болып жатыр. Сондықтан оларға көп судың қажет емес. Біз тек күнделікті пайдалану үшін аз ғана мөлшерде жіберіп отырмыз.
Облыстық экология департаменті төгілген судан сынама алып, зерттеуге жіберді. Сондай-ақ, ластанған көлдің аумағын анықтап, мекемеге жасанды көлді шілде айының аяғына дейін тазартуға нұсқау берді. Депутаттар судан алынған сынама қортындысы шыққан соң, аталған аумаққа жапаты серіктестікке қатысты тексеріс жүргізуді сұрап, ҚР Бас прокуратурасына хат жолдамақ.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин