Шымкентте қылмыс деңгейі 34%-ке төмендеді
Қала прокуратурасы есірткіге қарсы күрес күшейіп, ұрлық пен бұзақылық былтырға қарағанда анағұрлым азайғанын мәлімдеді.
Тек интернет арқылы жасалған кибер қылмысқа тоқтау болмай тұр. Оңай олжаны кәсіп қылғандар түрлі айла-тәсіл ойлап табады. Құзырлы орган брифинг ұйымдастырып, жарты жылдықты қорытындылады.
Биыл Шымкентте 3508 қылмыс тіркелді. Оның 40%-і алаяқтыққа тиесілі. Кибер қылмыскерлерді қолға түсіру үшін технологиялық мүмкіндіктер аясы кеңейді. Прокурорлар күдікті адамның қоңырауын бұғаттап, оның қайдан телефон шалғанын шұғыл анықтайтын құрылғыны іске қосты.
Ғабит Мұқанов, қала прокуроры:
- Бұның алдын алу мақсатында әкімшіліктің қолдауымен ІІД жаңа технологияларды қамтыды. Соның арқасында бүгінгі таңда Украинадан, Мәскеуден, Түркиядан біздің азаматтарға қылмыс жасағаны анықталды.
Жаңа жүйенің арқасында интернет алаяқтыққа қатысы бар 8 адам қолға түсті. Күдіктілер қоңырау шалып автокөлік ұтқанын сүйіншілеп келген. Оны рәсімдеу үшін жәбірленушілерден қомақты қаражат талап еткен. Жалпы жыл басынан бері 2 мыңға жуық іс сотқа жолданды.
Ғабит Мұқанов, қала прокуроры:
- Қылмыстың азайғанына қарамастан қылмыстық істерді сотқа жолдау көрсеткіші 56% артты. Яғни, жалпы жасалған 3508 қылмыс бойынша 1967 қылмыстық іс сотқа жолданып отыр.
Прокурорлар түзеу мекемелерінде сотталғандарды спортқа баулу ісі дұрыс жолға қойылғанын атап өтті. Жазасын өтеушілер волейбол, шахмат, тоғызқұмалақта шеберлік шыңдайды. Сондай-ақ қыркүйек айынан бастап сұранысқа ие мамандықтарға қайта даярлау курстары ашылады. Сала өкілдері адам құқығын қорғауда 3 буынды модель өз нәтижесін көрсетіп жатқанын айтады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.