Алматы іргесіндегі ауылдардың бірінде жүздеген автобус қаңтарылып тұр
Бұл ақпарат әлеуметтік желіде кеңінен тарап кетті.
Сырттай қарағанда, ондағы қоғамдық көліктер ескіре қоймаған. Әлі де жүруге жарамды сияқты. Ал мегополисте автобус тапшы. Тұрғындар осыны түсіне алмай дал.
Біздің түсірілім тобым Алматы маңындағы Жетіген ауылындағы автобустар қойылған тұраққа арнайы барды. Бірақ қоршаудан ішке кіре алмады. Расымен ол жерде жүздеген автобус тізіліп тұр.
Бауыржан Ахметов, күзетші:
- Біздің бастыққа запрос жібереді. Егерде ол жақтан келісім берсе кірсін деп бізге бастық хатпен жібереді. Территорияға кіресіздер. Шеттен келген адамды кіргізе алмаймыз.
Парк серіктестігі өкілдерінің айтуынша, бұл көліктерді уақытша қоятын қойма. Олар мұндағы автобустардың біразы Алматы облысы әкімдігінің балансына берілгенін түсіндірді.
Абылайхан Омархан, серіктестік директорының орынбасары:
- Ол жерде тұрған біріншіден қолдануға жарамсыз автобустар. Алматы қаласында 2010 жылдары сатып алынған өзінің ресурстық, эксплуатациялық барлық ресурсын жойып, бүгінгі күні списания дейміз ғой соған дайындау. Ол 600 ге жуық автобус. Ал қалған 153-тей автобус қайталап атап өтейін бұқаралық ақпарат құралдарында тарап жатқандай жаңа автобустар емес. Қолданылған 2016-201 жылғы автобустар. Ол автобустар жүруге жарамды. Ол жерде уақытша ғана тұр.
Былтыр Алматы әкімдігі өңірдегі жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіпорындарға 300 жолаушы көлігін берді. Оның жартысынан көбі қатынап жүр. Қазір мұнда сегіз жүзге жуық техника қойылған. Оның жартысы жөндеуге жарамайды. Биыл Алматы әкімдігі оның орнына газбен жүретін 600 жаңа автобус сатып алады.
Азамат Ешанқұл, мобильділік басқармасының бөлім басшысы:
- Транспортный холдингпен және өзіміздің мамандармен бірлескен жұмыстарда қаламызда мың бірлікке қоғамдық көлік жетіспеуде. Сол бойынша 600 дана қоғамдық көлік алынып жатыр оған қоса 100 дана троллейбус алынып жатыр. Қазіргі уақытта 100 дана автобус автопаркке келді Алматыға.
Қазір Алматы облысының әкімдігі мегополистен алған автобустардағы ақауын анықтап, оны жөндеуге қанша қаражат керек екенін есептеп жатыр. Пайдалануға жарамды көліктер жөндеуден өткен соң бағытқа шығарылады.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев