Қазақстанның атынан «Славян Базары» фестивалінде Шерхан Арыстан өнер көрсетті
Беларусьте «Витебсктегі Славян базары» ХХХІІ халықаралық өнер фестивалі басталды.
Балалар арасындағы музыкалық байқауда Қазақстан атынан жас әнші Шерхан Арыстан өнер көрсетті. Екі күнге жалғасқан сайыста ол әділқазылардың жоғары бағасына ие болды. Балалар арасындағы өнер додасының жеңімпазы 14 шілдеде анықталады. Ал фестивальдің салтанатты ашылу кешінде өткен жылдардың жеңімпаздары өнер көрсетеді.
Двина жағалауына жыл сайын арнайы «Славян базары» фестивалін көру үшін мыңдаған турист келеді. Мереке күндері концерттік алаңдар мен қала көшелерінде көрмелер ашылып, концерттер өтеді. Беларусь елі қазақ әншілерін де асыға күтеді.
Сергей Соседов, музыка сыншысы:
- Мен жалпы қазақтың ұлттық музыкасын жақсы көремін. Сіздердің әншілеріңіз Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Димаш Құдайберген қазақтың ұлттық авторларының әндерін орындағаны маған қатты ұнайды. Қазақтың ұлттық әуені ерекше ғой. Бұл шығармалар көбінесе вокалдық жағынан өте күрделі әрі әдемі болып келеді.
Қазақстандық әншілер 20 жылдан бері фестивальдің ересектер мен балалар байқауына қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Димаш Құдайберген-2015 жылы, Әділхан Макин – 2019 жылы, Рухия Байдүкенова – 2021 жылы бас жүлде жеңіп алды. Сонымен қатар Әлішер Кәрімов пен Ернар Сәдірбаев жүлдегер атанды. Биыл Славян базарында Қазақстанның абыройын асқақтатып Әлішер Кәрімов пен Әділхан Макин дуэт болып ән шырқайды. Әділхан 2019 жылы Витебскіде өткен Гран-приді жеңіп алды. Әлішер болса 2011 жылдан бері фестивальдің тұрақты қонағы.
Әділхан Макин, әнші:
- Әлішер Кәрімовпен екеуміз «Белорусские пригожуньи» деген керемет ән, беларусь елінің сулу кыздары туралы әнді орындайтын боламыз. Казактарға мұнда өте жақсы қарайды. Сүйіп тыңдайды. Және де біздің өнерпаздарға бұл жақсы септігін тигізеді. Кәдімгідей бұл жобадан кейін Қазақстанда біздің әртістерді жоғары деңгейде қарсы алады.
Беларусь еліндегі бұл Фестиваль бес күнге созылып, 17 шілдеде аяқталады.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров