Өскеменде трамвай жолы жөнделіп жатыр
Өскеменде трамвай жолдары жаңғыртылып жатыр. Бұл инфрақұрылым соңғы 30 жылда жөндеу көрмеген, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тиісті жұмыстарға 1,5 млрд теңгеден астам қаражат бағытталып отыр. Мамандар негізгі жөндеу жұмыстары санаулы күн ішінде аяқталатынын айтады.
Өндірісті қала үшін электрлі транспорт экологиялық қауіпсіздік жағынан өте тиімді. Тек инфрақұрылым жекенің меншігінде болған жылдары жібі түзу жөндеу көрмеген. Қазір кемінде 70%-і тозып тұр екен. Трамвай жолы қала әкімдігінің балансына берілген соң ғана жаңғырту жобасы қолға алынды.
Дүйсембай Учалов, құрылыс учаскесінің басшысы:
- Жөндеу жұмыстары өте күрделі. Кранды қолдану үшін көше жолын түгел жабу қажет. Күндіз көлік ағыны көп. Сондықтан түнде ғана жұмыс істеуге тура келеді.
Дәл осы учаскедегі рельс бөлшектерінің бәрі ауыстырылады. Әрқайсының салмағы 3 мың тоннадан асады. Тиісті жұмыстарға 20-дан астам адам мен ауыр техника жұмылдырылған. Қаладағы травмай жолдары түгел осындай жаңғыртуды талап етіп тұр. Жалпы ұзындығы 29 шақырым болса, әзірге соның оннан бірін ғана жөндеуге қаражат бөлініпті.
Михаил Чайка, трамвай паркінің директоры:
- Бұл жобаға 1,6 млрд теңге бағытталды. 3 шақырымға жуық трамвай жолы, 7 шақырым байланыс желісі ауыстырылады. 188 тірек және жарық шамдар орнатылады.
Ал тамыз айында жөндеу жұмыстары Үлбі көпірінде жалғасады. Қаладағы трамвай жолының ең қауіпті учаскесі сол жер. Мұндай тозығы жеткен рельстерден вагондар жиі шығып кетіп жатыр. Бұған қоса жөндеу цехының жай-күйі мәз емес. Сондықтан ол нысанды да қалпына келтіру жұмыстары басталды. Трамвайлар күніне 2,5 мың шақырым жүріп, шамамен 15 мың жолаушы тасымалдайды екен.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Дмитрий Пыхтин.