Ақмола облысында орманнан бес жерден өрт шыққан

Қырық күн шілде жер-дүниені қуырып барады.

Кешелі бері бір ғана Ақмола облысында тек орман ішінде 5 жерден өрт шыққан.

Мамандар жұмылып оның екеуін сөндірді, үш аумақта от әлі бой бермей тұр. Өрттің шығуына ара-тұра бұлт тұрып, найзағай ойнауы себеп болған. Жалпы жыл басынан бері аймақта 60-тан астам өрт болған. Қазір барлық жерде қауіптіліктің жоғары деңгейі жарияланды.  

Аймақта орман өрті жиіледі. Мысалы, былтыр осы уақытта 37 өрт тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш екі есе артқан. Әсіресе аудандардағы жағдай қиын. Қазір Біржан сал мен Бурабай ауданындағы өрт оқшауланса, Шортанды, Ерейментау және Қорғалжын аудандарында қызыл жалынның беті қайтар емес. Орман өртінің көбеюіне күннің ыстығы мен найзағай себеп.

Владимир Квочкин, Ақкөл орман шаруашылығының бас инженері:

- Бізде былтыр небәрі 7 өрт тіркелсе, биыл жарты жылдың ішінде 8 өрт сөндірілді. Оның төртеуі найзағайдан болды. Найзағай көбінесе ағашқа түседі. Кейін жердегі қураған шөпке жетеді. Ал жауын-шашын болса, ол бірер күн бықсып жатады да, шөп қураған кезде қайта тұтануы мүмкін.

Жалпы тілсіз жаудың тұтанғанын бірінші болып әуе патрулі анықтайды. Алайда барлық өңірде ондай мүмкіндік жоқ. Тек жеті ауданда әуе патрулі бар. 

Александр Трубицын, Қазавиаорманқорғау" РМҚК бөлімшесінің ұшқышы:

- Ауа райы қолайсыз, жауын-шашын немесе найғазай болса ұша алмаймыз. Жалпы әуеден күнделікті бақылауға орташа есеппен екі сағат кетеді. Маршрут 300 шақырымға созылып жатады. Егер біз әуеден қандайда түтін көрсек, бірден орталыққа хабарлаймыз. Сондай-ақ өрттің аумағы мен орнын анықтаймыз. 

Думан Далешов, Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы:

- Тілсіз жаудың алдын-алу үшін арнайы құрам жасақталды. Онда 105 адам мен 10 техника бар. Бұдан бөлек, қосымша күш ретінде екі жүзге жуық техника мен жеке құрамның 900 құтқарушысы жасақталды. Біз биік жерлерге үш бақылау мұнарасын орнаттық.

Бұдан бөлек өңірде 214 адамнан тұратын 56 мобильді топ құрылды. Олар жыл басынан бері бір мыңға жуық рейд жүргізген. Нәтижесінде өрт қауіпсіздігін бұзған 124 адам әкімшілік жауапкершілікке тартырлды.

Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный