Алакөл жағалауында шетелдік саяхатшылардың саны арта бастады
Алакөл жағалауына отандық демалушылармен қатар шетелдік саяхатшылар да көптеп келе бастады.
Жол қатынасы мен көл жағалауындағы инфрақұрылым да біртіндеп жақсарып келеді. Былтыр Алакөлдің Жетісу облысындағы бөлігіне 1 миллион 300 мың турист келсе, биыл 1,5 миллион саяхатшы ат басын тірейді деген жоспар бар.
Ерлі-зайыпты байкерлер Геннадий Кондратенко мен Галина Пухлик Алакөлге Ресейдің Кемер облысынан екі күн жүріп келіпті. «Алакөл жер бетіндегі суының емдік қасиеті мол ерекше көлдердің бірі. Сол себепті биыл мұнда мотоциклмен келуді ұйғардық», – дейді олар.
Геннадий Кондратенко, саяхатшы:
- Бізге Алакөлдің суы қатты ұнайды. Таулы Алтай өңірінде Телецкое атты көл бар. Соған ұқсайды екен. Бірақ ол жақтың суы өте суық. Алакөл жағалауының тазалығы мен судың температурасы көңілімізден шығып тұр. Алайда Семейден Алакөлге дейінгі жолдың жағдайы нашарлау екен. Мототехника болмаса, көлікпен жүру мүмкін емес.
Демалушылар бұрын жол қатынасы мен көл жағалауындағы тазалық мәселесіне қатысты көптеген сын-ескертпе айтатын. Қазір қатынас жақсарды. Алматы - Өскемен тас жолы жасалып, Астана мен Алматыдан Үшаралға ұшақ пен пойыз уақытылы қатынайды. Ал Алакөл жағалауындағы қызмет көрсету сапасына қатысты туристердің пікірі әр алуан.
Блиц:
- Қызмет көрсету сапасы кішкене төмендеу енді. Кішкене тағы да дұрыс болса екен деп ойлаймыз. Өйткені бәрі анандай стандартный деп айта ма, орташа.
- Қызмет көрсету сапасы өте жақсы. Бізге ұнап жатыр. Тамаша. Тазалық жағы өте жақсы. Өзіміз кеше келдік.
- Жан-жақтан, Ресейден, басқа да шет елдерден де өте көп халық келеді бізге демалуға. Демалушыларымыз көп. Бізде қыс айынан бастап бронь жасайды. Шілде айы бізде толы болады. Августтың 5-не дейін толы болады, одан кейін біртіндеп азаяды.
Алакөлдің Ақши ауылы маңындағы жағалауы биылдан бастап жергілікті бес кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға берілген. Мұнда келушілерге 300-ге жуық демалыс орны қызмет көрсетеді.
Дәуренбек Мұқабаев, Ырғайты ауылдық округінің әкімі:
- Бұл өзі пилоттық жоба болып саналады. Нәтижесінде осы конкурстан жеңіп алған мекеме, жаңағы кәсіпкерлер көл жағалауының бір бөлігіне инвестиция тартып, сол жағалауды қарап, барлық қауіпсіздік шараларын сақтап, Ақши ауылының көл жағалауы осылай жұмыс атқаруда.
«Жергілікті әкімдік пен пансионат өкілдерінен қауіпсіздік мәселесін қадағалайтын жеке құтқарушыларды жұмысқа алып, жүзу құралдарының адам шомылатын жерлерге кірмеуін қатаң қадағалауды сұраймыз», – дейді демалушылар. Өйткені биыл шомылу маусымы басталғалы бері Алакөлде төрт адам суға кеткен.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Айгүл Ғазизуллина