Семей орманындағы өрт жедел оқшауланды

Абай облысындағы «Семей орманы» табиғи резерватындағы тілсіз жау сағат 19:33-те жедел оқшауланды.

Жалын шарпыған аумақ – 350 гектар. Қазір өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Бұған дейін резерватқа қарасты Беген орманшылығында құрғақ шөп пен ағаштар жанып жатқанын хабарлаған едік. Тілсіз жауды ауыздықтауға Төтенше жағдайлар министрілігі бөлімшелері мен әскери бөлімінің 100 адамы және 20-дан астам техникасы жіберілді. Министрліктің тікұшағы да тартылды. Шекаралас аймақтардан жеке құрамның 25 қызметкері мен 15 техника жұмылдырылды. Аудан әкімінің шешімімен жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

Айта кетейік, түстен кейін Баянауыл ұлттық саябағындағы өрт те оқшауланды. Онда 800 гектар алқап отқа оранған.

 

Бірнеше өңірде төтенше өрт қаупі  сақталады

Дегенмен еліміздің басым бөлігінде төтенше өрт қаупі сақталады. Қазгидрометтің болжамы бойынша, аптап ыстыққа байланысты тілсіз жаудан келер қауіп сейілмей тұр. Бүгін 2 өңірде шарпыған жалын – соның айқын дәлелелі. Сынап бағаны алдағы 3 күнде 35 градусқа дейін көтеріліп, кей өңірлерде тіпті 40 градусқа дейін жетуі мүмкін. Ауа райына байланысты бірнеше өңірде ескерту жарияланды.