Жамбыл облысында 100 мегаваттық ЖЭС салынып жатыр
Жамбыл облысының Сарысу ауданында қуаттылығы 100 мегаватт болатын жел электр станциясы салынып жатыр.
Жаңартылған қуат көзін өндіретін нысан құрылысы 75 процентке аяқталған. Жоба құны 60 миллиард теңге. Станция келер жылы іске қосылуы тиіс.
«Шоқпар» жел электр станциясы Жаңатас қаласынан 8 шақырым жерде салынып жатыр. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстарына 200-ге жуық адам жұмылдырылған. 22 жел турбиналардың 10-ы орнатылып болды.
Наурызбек Жұмағазин, жел электр станциясының менеджері:
- Біз орнатып жатқан электростанция құрылғылары еліміз бойынша ең алып нысан. Мысалы бағананың ұзындығы 102 метр болса, қанаттарының көлемі 76,5 метр. Сонымен қоса бұл турбиналардың өндіретін электр қуаты да жоғары. Бұған дейін «Жаңатас» станциясына 2,5 мегаваттық жел диірмендерін орнатқанбыз. Ал бұлардың қуаты 4,8 мегаватқа жетеді.
Мамандардың айтуынша, жел электр станциясы жылына 350 миллион киловатт сағат электр энергиясын өндіреді. Бұл 50 мың абонентті жарықпен қамтуға жетеді. Айта кетелік жоба авторлары бұған дейін Жаңатас қаласының әлемуметтік салаларына 38 миллион теңге жұмсаған. Бұдан қалды Сарысу ауданына жабық футбол алаңын сыйға тартуды жоспарлайды.
Бекболат Орынбеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Мынандай ірі жобаларда осы елге жерге ірі әлеуметтік көмек көрсетілу керек деп біз білеміз. Халыққа жағдай жасалған 16 теңгеден 1 киловатт сағатына төлеп отыр. Өзіміздің бизнес коммерциялық азаматтар 46-47 теңгеден алып отыр. Ал білім саласындағы бюджеттік мекемелер облыс әкімдігіне қандай ауырпашылық түсіріп отыр. 56 теңгеден төлеп отыр. Бизнес саласында және бюджеттік саласында қайта қарау керек деп біз есептейміз.
Облыста 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерін дамыту картасы әзірленді.
Құдайберген Қорғанбаев, энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
- 5 айдың қорытындысымен 1,8 млдр киловатт сағатты құраса. Оның 321 млн киловатт сағаты осы жаңартылатын энергия көздерінің үлесі болып табылады. Іс-шара жоспарға сәйкес біз жалпы 2030-жылға дейін 3,2 геговатт деп отырмыз ғой, сол қуатты жобалардың санын 32-ге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Қазір Жамбыл облысында 9 жел, 6 күн және осынша су электр станциясы бар. Мамандар баламалы энергия көздерін өндіруге өңір өте қолайлы, дейді. Сондықтан бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек.
Мерей Бает Руслан Ахатіллә