Төтенше жағдайлар министрі Павлодар облысындағы өрт аумағын тікұшақпен аралады
Павлодар облысындағы «Ертіс орманы» резерватындағы орман өртінің аумағы ұлғайды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жалын шарпыған аумақ 850 гектарға жеткен. Қазір 98 орамдағы өрт лаулап жанып жатыр. Павлодар облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері мен, орман шаруашлығының қызметкерлері 3 учаскеде тілсіз жаумен күресіп жатыр. Оқиға орнында 100-ден астам бірлік техника мен 300-ден астам адам, оның ішінде 5 тікұшақ жұмылдырылған. Бір тәулікте өрт ошақтарына әуеден жалпы көлемі 66 текше метр су құйылды. Өртті сөндіруге Астана қаласы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарынан құтқарушылар мен құралдар тартылды. Жағдайды бақылау үшін Төтенше жағдайлар Министрі мен облыс әкімі өрт аумағын тікұшақпен аралап шықты.
Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Таңертең күн шыққаннан бері бізде авиацияның жұмысы қарқынды. Қазір үлкен өрт ошақтары аумағында жұмыс істеп жатыр. Авиацияның тоқтаусыз жұмыс істеуі үшін мұнда облыс әкімінің тапсырмасымен жанармай құюшы жеткізілді. Ол тікұшақтың жүру барысын қысқартып, жалын шарпыған аумақтарға су төгу санын көбейтуге мүмкіндік береді.
Эльдор Райымбеков, ҚР ТЖМ Дағдарыс жағдайларында басқару орталығы кезекші бөлімінің бастығы:
- 2023 жылғы 15 маусымдағы Павлодар облысындағы өрт бойынша республикалық ТЖМ-де дағдарыс орталығында жедел штаб құрылды. Жедел штаб нақты келіп жатқан ақпаратты қарастырып, талдау жасап, керекті құрал-жабдықтар жолданып жатыр. Сонымен қатар осы өрттің алдын алуға және оны зерттеу бойынша ол жерге командалық штабтық пункті құрылды. Сол жердегі барлық ақпараттар космомониторинг және басқа да қосымшалар арқылы ақпараттар жинақталып жатыр.