Жамбыл облысында 7 млн теңге жымқырған бас есепші сотталды
Жамбыл облысында жылу мекемесінен 7 миллион теңге жымқырған бас бухгалтер сотталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тұрар Рысқұлов ауданындағы «Құлан-Энерго Жылу» кәсіпорнының 46 жастағы қызметкері 3 жыл бойы мекеме қаржысын өз есепшотына аударып келген. Ал қылмысын жасыру үшін «түрлі тауар алынды» деп жалған төлем құжаттар жасаған. Жымысқы әрекеті үшін ол жауапқа тартылды.
Олжас Көшербаев, Тұрар Рысқұлов ауданы прокурорының орынбасары:
- Оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалып, сондай-ақ коммерциялық және өзге де ұйымдарда 3 жыл мерзімге материалдық-жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза тағайындалды. Заңсыз аударылған ақша мемлекетке толық көлемде қайтарылды.