Алматыда Полимерді қайта өңдеушілер күні ұйымдастырылды
Елде 2030 жылға қарай полипропилен мен полиэтиленге сұраныс жылына 400 мың тоннадан асады деген болжам бар.
Осыған орай Алматыда Ресейдің СИБУР компаниясы мен Қазақстандағы алғашқы полипропилен өндіретін «KPI» газ-химия кешені бірігіп, Полимерді қайта өңдеушілер күнін ұйымдастырды. Шараға сала өкілдері мен қайта өңдеу кәсіпорындарының басшылары қатысып, ортақ мәселелерді талқылады.
Бүгінгі таңда Қазақстанда полимер бұйымдарын шығаратын 130-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Оның өнімдері машина жасау, құрылыс, медицина сияқты салаларда пайдаланылады. Қазір «KPI» кешені қазіргі сұраныспен қоса енді ашылатын өндіріс орындарын да қажет өніммен қамтамасыз етуге дайын.
Данияр Тиесов, «KPI» ЖШС бас директоры, басқарма төрағасы:
- Осы жылдың 5 айында 104 мың тонна полипропилен өндірдік. Бұған дейін Қазақстанда жылына 40 мың тоннадан аспайтын. Ал біз жылына 500 000 тоннаға жеткіземіз деп, көрсеткіш белгіледік. Қазір өнімнің 90%-ін экспортқа шығарамыз. Өйткені елдегі тұтыну көлемі аса көп емес. Себебі полипропилен өнімдерін соңына дейін қайта өңдейтін өндіруші жеткіліксіз.
Еліміздің мұнай-газ-химия саласы полимерді қайта өңдеуді, оны дамытуды көздейді. Соңғы 5 жылда ішкі сұраныс екі есеге өсіп, қазір жылына шамамен 240 мың тоннаға жеткен. Оның 67 мың тоннасы полипропилен, 170 мың тоннадан астамы полиэтилен нарығына тиесілі.
Павел Ляхович, СИБУР компаниясының атқарушы директоры:
- Сіздердің елдің мүмкіндігі өте жоғары. Полимерді өңдеу қарқыны ақырындап өсіп келеді. Соңғы жылдардағы көрсеткішке қарасақ, сұраныстың бар екендігін байқап отырмыз. Әрине, бұл – күрделі үрдіс. Бүгінгі іс-шара екі елдің мұнай-газ-химия нарығындағы мәселелерді бірге талқылауға мүмкіндік берді. Арығарай қалай дамитынымызды бірге сараптадық. Тәжірибе алмастық.
Осындай ынтымақтастықтың нәтижесі деп Атыраудағы полимер бұйымдарын шығаратын индустриялық аймақты айтуға болады. Онда «KPI» және «Silleno» өндіріс орындарының базасында технопарк құрып, шағын және орта бизнес кәсіпорындарын дамыту жоспарланып отыр.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев.