Қостанай облысындағы ауылдар ауызсумен толық қамтылады
Келер жылы Қостанай облысындағы Жітіқара ауданының барлық ауылы ауыз сумен қамтылады.
Елді мекендерді орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосу үшін аймақта ауқымды үш жоба жүзеге асып жатыр. Құрылыс жұмыстары аяқталса екі жарым мыңнан аса абонентке тіршілік нәрі тартылады.
Бұл Жітіқара ауданында жүзеге асып жатқан ең ірі коммуналдық жоба. Құрылысшылар су құбырларын аудан орталығының ескі аумағына тартып жатыр. Магистральды желінің құрылысы мамырда басталған. Жоспар бойынша келер жылы аяқталуы тиіс. Осылайша екі жарым мың тұрғын сапалы ауызсуға қол жеткізеді.
Ерхат Ахметов, құрылыс алаңының басшысы:
- Құбыр тарту кезінде біршама қиындық туындағаны жасырын емес. Мысалы мынау аумақтың жері тастақ. Кейбір учаскелерде жерасты сулары көтеріліп жатыр. Сондықтан гидравликалық балғаны қолдануға тура келді. Бұл жұмысты баяулатады. Дегенмен кесте бойынша үлгеріп жатырмыз.
Аудандағы тағы бір жоба – Чайковский ауылына ауызсу жеткізетін мынау құбырлар. Ауылдықтарға таза су биыл беріледі. Сонымен қоса Станционный елді мекеніне де тіршілік нәрін беру жоспарланған. Жалпы аудандағы 3 жобаны іске асыруға 1 миллиардтан астам теңге бөлінді.
Асылхан Хакимов Жітіқара аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:
- Біз бұл жобаларды іске асырсақ биыл ауылдарды 100 процент таза ауыз сумен қамтимыз. Ал қала аумағындағы көрсеткішті 99,3 процентке жеткіземіз. Десе де келер жылы шаһарда да бұл көрсеткіш 100 пайыз болады.
Биыл Қостанай облысындағы жиырмадан аса ауылға орталықтандырылған ауызсу желісі орнатылады. Сонымен қоса 8 елді мекенде блокты-модульдік су тарату станциялары қосылады. Жалпы аймақта жыл соңына дейін 34 жоба жүзеге асырылады.
Авторлары: Мерей Бает, Артём Грапов