Ақтау іргесіндегі ауылда су тапшы болып тұр

Ақтаудың іргесіндегі Сайын Шапағатов елді мекенінде ауызсу тапшы, деп хабарлайды «Хабар 24».

3 жыл бұрын ауылда 52 шақырым құбыр тартылып, тұрғындарға тіршілік нәрі берілген.

Алайда бірер тәуліктен соң су тоқтап қалды. Қазір халық тұщы суды өз күшімен тасып, болмаса көлік жалдап тұтынады. Бұған айына 30-40 мың теңге жұмсайды.

Есенгелді Сайынов – 3 жыл бұрын көгілдір отын мен ауызсу құбырының іске қосу рәсіміне қатысқандардың бірі. Тұрғындар көптен күткен шараға сол кездегі облыс әкімі келіп қатысқан. Бірақ құбырдан келіп тұрған тіршілік нәрі көп ұзамай тоқтап қалды. Оның себебі тұрғындар үшін беймәлім.

Есенгелді Сайынов, ауыл тұрғыны:

- Серікбай Трұмов келді, облыс әкімі. Аудан әкімі осы ауылдың ақсақалдарын жинап келді. Газды ашты, онымен бірге суды қосты. Ағызып көрсетіп, сонымен кетті. Қазір су жоқ, әкімнен бұрын кетіп қалды. Содан бері су жоқ.

Сайын Шапағатов тұрғындары жақында аудан әкімімен кездесуде өзекті мәселені көтерген. Алайда тұшымды жауап алмаған. Ал ауыл әкімінің сөзінше, елді мекенге 52 шақырым құбыр тартуға 750 млн теңге жұмсалған. Бұл қаржы республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген. Оған қосымша елді мекен жанынан биыл ақпанда су тұщыту станциясы салынды. Шағын кәсіпорын күніне 800 текше метр жерасты суын ішуге жарамды етеді. Оның өндірістік қуаты күзге дейін 2600 текше метр жеткізілмек. Сонда қазір су жоқ көшелерге тіршілік нәрі барады деп күтіледі.

Сайран Қылыш, ауыл әкімі:

 - Қазіргі таңда мына жоғары бөлікте су жоқ, бірақ төменгі жағында су бар. Бірақ барлық үйге жетіп тұрған жоқ. Себебі судың көлемі аз. Жоғарыдағы 4-ші кварталдың бастапқы көшесіне дейін түгел есептеліп, 28 метрге дейін анықталып, неше сорғы алынатыны есептелді. Түгел алынып қойылды қазір. Жұмыс жасалмай жатқан жоқ, қазір жайымен жасалып жатыр.

Олжас Қаржауов, су тұщыту станциясының өкілі:

- 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі бітті, қазір 800 текше метр беріліп отыр. Екінші кезеңі осы аптаның ішінде 1200 кубқа жеткізіледі. Үшінші кезеңі ендігі айдың соңына дейін бітеді. 2600 куб болады. Сол кезде халық сумен қамтылады.

Ақтаудағы «Каспий» зауыты тәулігіне 23 мың текше метр су тұщытады. Басым бөлігі халқы тығыз қоныстанған Мұнайлы ауданына құбырмен жіберіледі. Ал Ақшұқыр мен Сайын Шапағатов елді мекендеріне күніне 3-4 мың текше метрдей тіршілік нәрі бөлінеді. Алайда бұл жеткіліксіз. Әсіресе жаз айлары ауыз суға сұраныс 9-10 мың текше метрге дейін өседі. Теңіз суын тұщытатын зауыт пен Сайындағы станция биыл жұмыс қуатын еселесе, мәселе шешілуі тиіс.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.