Ақмола облысында 20-ға жуық елді мекен орталық су желісіне қосылады
Ақмола облысында 20-ға тарта елді мекен орталықтандырылған су құбырына қосылады.
Межеленген жұмыстар жылдың соңына дейін аяқталса, 12 мыңдай тұрғын тіршілік нәрімен қамтылады. Елорданың іргесіндегі ауылдарды тұщы су желісіне қосу үшін қазынадан 20 млрд теңгеден аса қаражат бөлінді.
Ақкөл ауданы Домбыралы ауылында 900-дей адам тұрады. Жыл санап халық саны өсуімен тұщы суға сұраныс та артып келеді. Тұрғындардың тіршілік нәрі тапшылығын айтып жүргеніне біраз уақыт болды. Ел тәуелсіздік алғаннан бері алғаш рет жаңа құбырдың құрылысы жүріп жатыр.
Евгений Жеребцов, учаске бастығы:
- Желінің жалпы ұзындығы 16 шақырым. Соның 4 мың 300 метрі төселіп, 20 құдық салынды. Сондай-ақ тереңдігі 60 метрлік 2 ұңғыма қазылды. Үйлерді су құбырына жалғау қатар жүріп жатыр. Әлеуметтік нысандар, көп балалы жанұя және мүгедек адам тұратын мекенжайды қосуға ақы сұралмайды.
Ақкөл ауданына қарасты 4 елді мекенде ауыз су желілері жаңартылуда. Межеленген жұмысты биылғы жылдың соңына дейін бітіру жоспарда. Мамандардың сөзінше, алдағы уақытта тағы 3 ауыл тіршілік нәрімен қамтылады.
Айжан Нөкербекова аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:
1980 жылдары салынған, бұл су құбырлары. Сондықтан жоба жасалып, қазір құрылысы жүріп жатыр. Жобаның жалпы құны 533 млн теңгені құрайды. Аудан бойынша бізде 29 елді мекен бар. Соның жетеуінде реконструкцияға жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Яғни қазіргі таңда 4 жобаның құрылысы жүргізіліп жатыр. Ол Кеңес, Домбыралы, Жалғызқарағай және Қына ауылында.
Ақмола өңіріндегі 16 ауылда ауыз су тапшы. Сондай-ақ 170-ке жуық елдімекен орталық су желісіне қосылмаған. Аймақ әкімдігі бұл жағдаймен хабардар. Жауаптылар өзекті мәселе 3 жылда толық шешіледі, дейді.
Дәулет Сәрсенбаев, Энергетика және ТҮКШ басқармасының бас маманы:
- 16 ауылға тіршілік нәрі көлікпен тасылады. Қалған елдімекендердің халқы құдығына су құйдыртады. Жоспарға сәйкес 105 ауылға блок-модуль немесе су бөлу пунктері қойылады. Блок-модуль дегеніміз - бұл суды сүзгіден өткізіп беретін шағын станция. Нәтижесінде тұрғындарға таза су берілетін болады.
Аймақта 2025 жылға дейін 65 ауылда ауыз су құбырының құрылысы жүргізілмек. Қазір 35 жобаның тиісті құжаттары дайын. Бюджеттен қаржы түсуімен жұмыс жедел басталуы тиіс. Тағы 18 елді мекен аумағында геологтар тұщы су қорын іздеп жатыр.
Талғат Исламұлы, Аслан Абуталипов, Виктор Полянный