БҚО-да екі жылда 50 медициналық нысан салынуы қажет
Биыл Батыс Қазақстан облысында «Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту» ұлттық жобасы негізінде 24 медициналық нысан салынуы қажет.
Бірақ тек 12 ғимараттың құрылысы басталды. Жаз бел ортасынан асса да, қалған нысандарды салуға қаражат әлі бөлінбеген. Кейбірінің сметалық-құжаттары да дайын емес.
Қызылоба ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт мектептің қосымша ғимаратында орналасқан. Бұл нысан емдеу ісі үшін тар. Оның үстіне жаңа медициналық жабдықтар қажет.
Айымжан Есенғалиева, медбике:
- Бізде күндізгі стационар бар. Сосын балалар бөлмесі бар. Прививка жақ бар. Аздап таршылық болды ғой енді. Былай жылы. Сосын екі отделениеміз бар ғой Айтбай мен Жангелді. Сонда бір-бір фельдшерден бар санитаркасымен.
Тұрарбек Әбденғалиев, Қызылоба ауылының тұрғыны:
- Мынау оған арналған орын емес қой, қосымша орын. Сондықтан әр қиындықтар болады. Енді арнайы өздеріне стройка салынса, бұлардың жұмыстары жақсы болады. Ішінен бір бөлме бөліп, соған аптека ашып қойса, күнделікті дәрілерді, мәрлі, ине деген сияқты уақтылы-уақтылы өзіміздің ауылымыздан алатын болсақ, жақсы ғой.
Дәл осы мекемені қолайлы орынға көшіру үшін ауылда жаңа ғимарат салынып жатыр. Кесте бойынша мердігер компания үш ай ішінде нысанды тапсыру қажет.
Амангелді Қайырбеков, Құрылыс аумағының бастығы:
- Кладка бітті уже, почти бітуге қалды перегородка. Материалдар полностью келіп тұр, тас, цемент, бәрі. Ыссылық бар, жігіттер жайлап-жайлап демалып істеп жатыр.
Сонымен қатар осы Жаңақала ауданындағы Пятимар ауылының дәрігерлік амбулаториясы бастан-аяқ жөнделіп жатыр. Енді шағын елді мекендердің медициналық пунктін жаңғырту міндеті тұр.
Ербол Сәрсенғалиев, Жаңақала аудандық ауруханасының директоры:
- Үш медпунктімізге победитель анықталып, енді сол капитальный ремонт жүргізіледі. Олар Плантация, Айтпай, Төртқұлақ. Қалған 16 объекті бойынша «Дорожная карта» бойынша 2024-2026 жылдарға бөлініп, құжаттары бәрі дайын тұр.
Биыл облыста 24 медициналық нысанның құрылысы жоспарланса, соның жартысы ғана қаржыландырылған. Сала мамандары басқа жобаларға қатысты құжаттар әлі рәсімделіп жатқанын айтты.
Аслан Қабденов, Құрылыс басқармасының бас маманы:
- Екі жоба бойынша бюджеттік өтінім жіберілді. Бес жоба бойынша қазіргі уақытта оң қорытындысы алынды, бюджеттік өтінім жіберуге жасақталуда. Қалған жобалар бойынша жылдың соңына дейін жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтап, оң қорытындысын алып, бюджеттік өтінімге жібереміз. Дәрігерлік амбулатория бойынша ол шамамен 250-300 млн теңге айналасында болса, ол облыс орталығынан қашықтығына байланысты құны өзгереді. ФАП-тар бойынша ол 300-350 млн айналасында.
Ұлттық жоба аясында өңір бойынша бұл ғимараттарды қоса алғанда, екі жыл ішінде 50 медициналық нысан салынуы тиіс. Ол мекемелердің техникалық базасын да нығайту көзделген. Алайда алғашқы лектегі жобалардың кешеуілдеп жатқаны келешек еншісіндегі жобалардың мерзіміне де кесірін тигізе ме деп алаңдайды жұртшылық.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов