Ақтөбеде 231 көпқабатты үй жөндеуді қажет етеді
Дені жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған баспаналар апатты деп танылмаған, бірақ көбінің шатыры қирап, кәріз желісі ескірген, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ал тұрғындардың ортақ мүлікті өз беттерімен жөндеуге қауқары жете бермейді.
Зейнет жасына жеткен Владимир Ли пәтерін жыл сайын жөндеуге мәжбүр. Көктемгі қар суы мен жаңбыр, төккен тер мен жұмсаған қаражатты зая етеді дейді. Сондықтан биыл жарты миллион теңгеге 3 қабатты үйдің шатарын өзі жаңартуға бел шешкен.
Владимир Ли, қала тұрғыны:
- Төбемізге полиэтилен ұстатып, жерге леген қоямыз. Шатырды да бірнеше рет лекерлеп, жамап көрдік. Бірақ одан пайда болмады. Міне, тұсқағаздың бәрі көтеріліп кеткен. Жаңбыр жауса, іргеден су сорғалайды.
Теміржол вокзалы маңындағы көпқабатты үйлер шамамен 60 жыл бұрын салынған. Барлығының қазіргі күйі мәз емес. Пәтер иелері кооперативі төрағасы қолда бар қаражатпен жамап келеміз дейді. Алайда тұрғындардан жиналған қаржы күрделі жөндеу жасауға жетпейді.
Аслан Қаналин, пәтер иелері кооперативінің төрағасы:
- Қабырға панельдерінің арасы сөгіліп жатыр. Бұрын әлсін-әлсін тексеріліп, ашылып қалған жерлері жөнделетін. Қазір бұл жұмыс жасалмайды. Осыдан 6 жыл бұрын альпинист жұмысшылармен 1,5 млн теңгеге келіскен едік. Бірақ тұрғындар «ондай қаражатты төле алмаймыз» деп бас тартты. Кәріз желісі де әбден ескірген.
Мамандар мәселені термомодернизация бағдарламасы арқылы шешуге болады дейді. Пәтер иелеріне күрделі жөндеуге бюджеттен бөлінген қаражатты 7 жылдан 15 жылға дейін бөліп өтеуге болады. Бұл жоба аясында соңғы 2 жылда өңірдегі 40-қа жуық көпқабатты үй жаңарды.
Әділ Алдашев, «Ақтөбе» ӘКК Құрылыс және инфрақұрылымдық даму департаментінің директоры:
- 2021-2022 жылдарға бюджеттен бөлінген 2 млрд 200 млн теңге толықтай игерілді. Облыс орталығындағы 36 үйге күрделі жөндеу жасау жоспарланған. Олардың 28-і аяқталды. 8 үйде жұмыс жалғасып жатыр. Жақын уақытта тапсырылады.
Қазір күрделі жөндеуді талап ететін 23 көпқабатты үй тұрғындарынан өтініш түскен. Олардың 4-і Хромтау қаласынан. Қажетті қаражат жобалық-сметалық құжаттары дайын болған соң бөлінеді. Жалпы жергілікті билік термомодернизация бағдарламасы аясында 2026 жылға дейін облыстағы барлық ескі үйді ретке келтіруді жоспарлап отыр.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев.