БҚО-да 3 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары кестеден кешігіп жатыр
Білім басқармасының мәліметінше, бюджет есебінен мердігер ұйымдарға тиісті қаражатты уақтылы бөлген.
Бірақ компаниялар міндетін орындамаған. Салғырттық салдарынан енді 500-ден астам бала жаңа оқу жылын өзге ғимаратта қарсы алуға мәжбүр.
Бұл – Оралдағы дарынды балаларға арналған мектеп. Оны күрделі жөндеуден өткізуге былтыр 450 миллион теңгеден аса қаржы бөлініпті.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Бұл мектепті күрделі жөндеу жұмыстары 6 ай ішінде аяқталуы тиіс еді. Алайда бітер емес. Тіпті, міне, құрылыс аумағында ешкім көрінбейді. Ал қақпасы құлыптаулы тұр.
Осында оқитын 300-ге жуық бала енді эстетикалық бағыттағы гимназияның бұрынғы ғимаратына уақытша көшірілетін болды. Ал жаңғырту жобасының жақын арада қарқын аларына жұрт күмәнмен қарайды.
Мүслима Айдын, қала тұрғыны:
- Мына жағын, мына жерін істеген, бірақ бәрі қа йттан құлап жатыр. Ішін білмеймін қандай екенін. Солай тұра береді. Долгострой болып тұр ғой.
Татьяна Кузьмина, қала тұрғыны:
- Мұнда жөндеу жұмысы жүріп жатқан жоқ. Ал балалар уақытша оқитын ғимарат үйден алыс. Сондықтан баламды жақын жердегі №25 мектепке көшірдім.
Базартөбе мен Роздольное ауылдарындағы мектептер де осындай күйде тұр. Қос елді мекенде 300-ге жуық бала енді жаңа оқу жылын әкімдік пен мәдениет үйлерінде қарсылауға мәжбүр. Облыста былтырдан бастап 19 білім беру нысанын жөндеуге бюджеттен 4,5 млрд теңге бағытталған.
Клара Меңдіғалиева, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Соның 13-і аяқталып жұмыстар, пайдалануға берілді нысандар. Қалған 6 мектептің үшеуі жаңа оқу жылына дейін бітуі жоспарда. Қалған үшеуінің жұмыстары ағымдағы жылдың аяғына дейін бітеді деп ойдамыз. Келісімшартты бұзу туралы үш объекті бойынша уведомление жіберілді подрячиктерге. Келісімшарт бұзылған жағдайда тапсырыс берушілермен жаңадан конкурс жарияланады жұмыстардың аяқталуына.
Облыста тағы 79 білім беру нысаны күрделі жөндеуді қажет етеді екен. Мамандар соның 28-ін жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттар жасақтаған. Оған 16 млрд теңге керек.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов