Алматыда қолданылған жаңа әдіс ішкі ауруларды емдеуде тиімділік танытты
Гендік-инженерлік биологиялық терапия әдісі ішкі ауруларды емдеуде тиімділігін байқатты.
Науқастардың өмір суру сапасын жақсартты. Алматыдағы кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтының мамандары осылай дейді. Нақты осы емдеу шараларын тәжірибесінде қолданып жүрген жас дәрігердің бірі Зухра Ағзамова.
Крон ауруы, целиакия, ойық жаралы колит сияқты ішектің қабыну аурулары көп кездесе бермейді. Сондықтан оны емдеу әдістері күрделі. Соңғы үш жылдан бері медицинада гендік-инженерлік биологиялық терапия әдісі кеңінен қолданылып келеді. Дәрігерлердің айтуынша, жүйелі иммундық қабыну мен ревматикалық аурулар толық емделмейді. Бірақ гендік-инженерлік биологиялық препараттар өмір сүру сапасы мен ұзақтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Зухра Ағзамова, гастроэнтеролог:
- Біздің емдеу мекемесінде бұл әдіс жақсы нәтижесін беріп жатыр. Осыдан біраз уақыт бұрын ойық жаралы колитке шалдыққан пациент біздің клиникаға келіп түсті. Бізге келгенде жағдайы өте нашар болды. Тіпті жүре алмай таяқ ұстап келген. Сол кісіге базистік терапиямен қатар гендік-инженерлік биологиялық терапияны қолдандық. Қазір денсаулығы түзеліп, ауруханадан шықты.
Зухра Ағзамованың отбасы түгелдей медицина саласында еңбек етеді. Әжесінен бастап, анасы, туған ағасы, жеңгесі барлығы дәрігер. «Мен осындай ортада өскендіктен тіпті басқа мамандық туралы ойламадым. Оныма мүлдем өкінбеймін», дейді жас дәрігер. Қазір ол кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істейді.
Олег Хан, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ терапия бөлімі меңгерушісінің м. а:
- Бізде бірнеше дәрігерлер династиясы бар. Солардың бірі Зухраның отбасы. Мұндай әулеттен шыққан мамандардың жауапкершілігі өте зор болады. Міне үш жыл болды тәжірибелі профессордар мен доценттердің көмегімен күрделі ауруларды емдеуге атсалысып жүр. Ғылыми жобалармен де айналысады. Болашағынан көп үміт күтеміз.
Расында Зухра Ағзамова гастроэнтерология тақырыбында өткен ғылыми байқаулардың жүлдегері атанды. Жас маман оған қоса Ташкент пен Киевте өткен конференцияларға шақыртумен барған. Ол қазір ішектің қабыну ауруларына шалдыққан науқастарды тіркеу жобасымен айналысып жүр. Сондай-ақ емделушілерге психологиялық көмек көрсетеді.
Қарлығаш Қайыпбекова, Сұлтан Бейсекенов