Елімізде суармалы алқаптардың тек 18%-де су үнемделеді
Елімізде қолданыстағы 1,5 млн гектар жердің тек 18 процентінде су үнемдеу технологиясы бар.
Өткен жылдың қорытындысына сай, бұл 279 мың гектарға тең. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы көрсеткішті арттырып, биыл тіршілік нәрін тиімді пайдаланатын алқаптарды 300 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отыр. 2022 жылы су үнемдеу технологиясына бағытталған 420 жобаға 18 миллиард теңге бөлінді. «Ауыл шаруашылығы дақылдарының ішінде су ең көп тұтынатын – күріш. Ақ маржанның 1 гектарына 24 мың текше метр су кетеді. Су тапшылығына байланысты, алдағы уақытта күріш алқаптарын 90 мың гектардан 75 мың гектарға дейін азайту жоспарда бар»,- дейді министрлік өкілдері. Елімізде күріш Қызылорда, Түркістан, Алматы облысындарында егіледі.
Медет Жәдігерұлы, ҚР АШМ Егіншілік департаменті, агромелиорация басқармасының басшысы:
- Су ресурстары жылдан жылға азаюда. Осы бағытта су үнемдеу мәселелелерін ынталандыру үшін бұл қағидаға соңғы кезде өзгерістер енгізілді. Атап өтетін болсақ, біріншісі су бөлу нүктелерінде су өлшеу құралдарын пайдалану және қандай да бір фермер су үнемдеу технологияларын пайдаланса, оған жоғарғы нормативтер белгіледі субсидиямен. Ал су үнемдеу технологиясын енгізбеген фермерлер содан жарты есе аз алады.