Павлодарда жылу маусымына дайындық жұмыстары қызды
Биыл жылу электр орталықтарындағы 7 қазандық пен 6 турбинаны және 2 мұржаны күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр, - дейді мамандар. Қыста және гидравликалық сынақтар барысында анықталған барлық ақаулар жойылған. Жалпы ұзындығы 11 шақырымнан асатын кварталаралық жылу желілері қалпына келтіріліп жатыр. 1 мыңнан астам көпқабатты үйдің әзірге 40%-і жылуға қосылуға дайын. Қалған үйлерде жұмыс жалғасады. Тозығы жеткен жылу құбырларын алмастыру жол картасына сәйкес жүзеге асады.
Ризабек Әшірбеков, қалалық тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары:
- Жылумен жабдықтау жүйелерінің тозуы бүгінгі күні 89,2%-ті құрайды. Барлық жоспарланған іс-шаралар жүзеге асқан жағдайда оны 2%-ке азайтуға мүмкіндік туады. Келесі жылы жол картасына сәйкес ұзындығы 26 шақырым болатын екінші кезектегі жылу желілерін реконструкциялау жоспарланған. 2 жылда жылу желілерінің тозуы 83%-ке дейін төмендейді.