Елордада ғылыми-практикалық конференцияда өтті
Сүйегі сырқырап дәрігер іздейтін науқас көбейіп барады.
Ел азаматтарын буын сүйектерінің желінуі, омыртқаның қисаюы, бүкірею секілді сырқаттар жиі мазалайды. Бұл тақырып елордада ғылыми-практикалық конференцияда талқыға түсті. Мамандар тың технологиялардың әлеуетін сөз етіп, операция бөлмесінде тәжірибе алмасты.
Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығында бір күнде 50-ден аса ірілі-ұсақты операция жасалады. Халық арасындағы буын ауруларының дендеп кетуі сала мамандарынан үздіксіз ізденісті талап етеді.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
Ақ халаттыларда бір ғана мақсат, ол - дерттіге дауа, сырқаттыға шипа болу. Қазірде отандық медицинаны дамытуда шет елдік дәрігерлермен тәжірибе алмасу жүйелі ұйымдастырылып келеді. Қазір осы жерде көршілес мемлекеттерден келген мамандардың жетекшілік жасауымен опперациялар өтуде. Отандық дәрігерлер де қатысуда.
Бұл Түркия елінен келген дәрігер - Улунай Канатлы. Ол иық артроскопиясын емдеудегі жаңалықтарымен бөлісу үшін елге арнайы келді. Қазақстандық науқасқа операция жасап, отандық мамандарға шеберлік сағатын өткізді.
Улунай Канатлы, дәрігер, профессор:
- Науқастың жағдайы туралы деректі Түркияда жүргенде алдым. Ондағы әріптестеріммен операцияны талқыладық. Ал бүгін біз иық буынының сіңірін трансплантацияладық. Барлығы жақсы өтті, орталық жоғары деңгейде, соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған.
Операция елордада өткен ғылыми-практикалық конференция аясында жасалды. Жалпы травматология және ортопедия саласы бүкіл әлем үшін өзекті. Себебі өлім-жітім көрсеткіші жоғары аурулар қатарында сүйек, буын сырқаты төртінші орында тұр. Елімізде омыртқасы қисайып, дәрігерге қаралған науқастың дені жасөспірімдер. Мамандар жылына 300-ден аса жасқа ота жасайды. Буыны қақсап, сүйегі сыр берген бұқараның базынасын зерделеп, дертіне дауа болуды көздеген бір топ ақ халатты Астана төрінде бас қосты.
Олжас Бекарысов, Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының директоры:
- Қазіргі таңда бұл конференцияға 300 ден асқан қатысушы тіркелді. Еліміздің әр аймақтарынан келген травматолок дәрігерлер мен және 8 елден келген әріптестеріміз келіп отыр. Біздің мақсатымыз мамандардың кәсіби деңгейін арттыру. Қазақстан аймақтарында травматологиялық ортопедиялық қызметін үйлестіру жақын және шет ел әріптерімен тәжірибе алмасу.
Отырыста отандық медицинаға инновация енгізу мәселесі қаралды. Жаңа технологиялар көрмесінде Корея мен Үндістан мемлекетінің өнімдері таныстырылды. Отандық өнертапқыштар да құр алақан емес. Мәселен, Саят Ахметжанов компютерлік томаграфиялық суреттің 3D сұлбасын 100% дәлдікте жасайтын құрылғыны ойлап тапты. Бұл - ота алдында дәрігерге толыққанды сараптама жасап, адам сүйегіндегі кінәратты тануға мүмкіндік береді.
Саят Ахметжанов, өнертапқыш:
- Операция жасамас бұрын өзіне ыңғайлы тұстарын қарап алады. Қалай операцияны жақсы жүргізу амалдарын ойластырады, қолына ұстап тұрып. Суреттен қараған бір бөлек, басқа да медиктерді жинап алып, мына жерде мынандай проблема бар деп, осыны осылай шешу керек деп қолмен түсіндірген жеңілдірек.
Мамандардың айтуынша, бұл басқосу саладағы сан түйіткілдің түйінін тарқатуға көмектесіп, жас дәрігерлерге үлкен тәжірибе болмақ.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Диас Қобыланбаев