Ақтауда бірнеше ықшам ауданда жол жоқ
«Шығыс-2» және «Шығыс-3» деп аталатын мөлтек аудандар қала сыртында бой көтерген.
Тұрғын үйлер арасында инфрақұрылымдық желілер толық төселмеген. Асфальт жолдың жоқтығы басты мәселенің бірі. Тұрғындардың айтуынша, осыдан алты жыл бұрын тендер жарияланған. Бірақ белгісіз себептермен жұмыс басталмай келеді.
Қос мөлтек аудан коттедж, жер үйлерден тұрады. Екі-үш қабатты баспаналардың сыртқы сәулеті келісіп-ақ тұр. Бірақ асфальттің жоқтығы көшелердің көркін тайдырады. «Жаңбыр, қар жауған күндері жер батпаққа айналып, көлік түгілі адамның жүруі қиындайды. Жазда сәл жел тұрса, шаң борап тынысты тарылтады», - деп қынжылады тұрғындар.
Нұрлан Қожамқұлов, қала тұрғыны:
- Қыста қар, жазда шаң адамдарды шаршатты. Қаланың тұрғынымын деген сөзді қазір айта алмай қалдық, сөздің шыны керек. Жолға шығамыз, балшық болып келеміз. Шағын ауданда проблема өте көп. Жерді кезінде бөлген. Бірақ ешқандай расчет жоқ. Мектепке бөлінген жерге танхаус салынып кетті. Жол әуел бастан қарастырылған жоқ.
Түсінгеніміз, жер телімдері инженерлік желілері толық тартылмаған күйі халыққа берілген. Тұрғындар баспанасына электр тогы мен көгілдір отын кіргізуге өз ақшасын жұмсаған. Жақында кәріз құбырын төсеу қолға алынған. Енді қалғаны - көлік жолы. Жауаптылардың сөзінше, екі бірдей мөлтек ауданда асфальт төсеуге биыл бюджеттен қосымша қаржы қаралып, бастапқы жобаға бірқатар түзету енгізілген.
Асхат Нұрмұқан, қалалық ТҮКШ басшысы:
- Ағымдағы жылы ақшасы толықтай қаралған. Жобасына түзетулерді жүргізіп жатырмыз. Мекеме геодезиясын, топосьемкасын осыдан 1 ай бұрын жасап, қазір автомобиль жолдарын сызу жұмыстарын мамандар жасап жатыр. Біткесін сараптамаға кіреді. Ток желілерге де қатысты мәселелер болды. Біз бағаналардың орындарын ауыстырдық.
«Шығыс-2» ықшам ауданын асфальттауға былтыр қала бюджетінен 100 млн теңге бөлінген. Бүгінде өзгертілген жоба күзде мемлекеттік сараптамадан өтуі тиіс. Сосын жол құрылысы басталады. Ал «Шығыс-3» мөлтек ауданында төрт көше жолының алғашқы қабаты салынып тұр. Екінші қабаты жыл соңына дейін төселеді.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев