Теміртауда 300-ге жуық металлургтер әулеті тұрады

Солардың бірі - Жақыпбековтар отбасы.

Бұл өнегелі шаңырақтың өмірі өндіріспен біте қайнасқан. Бүгінде отбасы мүшелері түгел метталургия саласында еңбек етіп, ел экономикасына үлес қосып жүр.

Сәтқұлы Жақыпбеков «жары мен жұмысына адалмын», деп қалжыңдайды. Ол 27 жыл бұрын Теміртаудағы екінші жылу орталығының табалдырығын аттаған. Енді 2 жылдан кейін осы жерден зейнетке шықпақ. Жылу электр орталығының тұрақты жұмыс істеуі тікелей осы мамандарға байланысты. Ол жоғары қысым мен температурада істейтін жабдықтарды жөндейді.

Сәтқұл Жақыпбеков, жөндеу слесары:

- Бұл турбинный цехтікі ғой, қалаға су жібереді. Диаметрі дөкей 600,800, 1000 – ға дейін барады. Су ұстамай қалғандарды бізге алып келеді, біз оларды шашып тастап, токарьлық бөлімге апарып қайтадан жөндеп жинаймыз.

Ал үлкен ұлы Ерлан Жақыпбековтың жұмысына кім көрінген шыдай бермейді. Ол қайнаған оттың ортасы - конвертер цехында болат балқытушы. Тіпті едәуір қашықтықта тұрсаң да мұндағы температура 50 градустан жоғары. Ержан бұл салаға әкесінің нұсқауымен келген.

Ержан Жақыпбеков, болат балқытушы:

- Бала кезімде әкем өзінің жұмысы туралы үнемі айтып отыратын. Сол менің мамандық таңдауыма әсер етті деп ойлаймын. Оның жұмысы қиын екенін есейген кезде түсіндім. Мұнда қауіпсіздік техникасын сақтау аса маңызды. Жұмыс зор жауапкершілікті талап етеді. Осыған қарамастан өзіме ұнайды.

Бұл осы үйдің кенжесі Олжас. Оның мамандығы оттөзім қалаушы деп аталады. Бұл нағыз білекте күші, жүректе түгі бар азаматтардың жұмысы. Себебі ыстыққа төзімді кірпіштің салмағы 12 келіге дейін жетеді, сонымен пештің ішкі бетін қалап отырады.

Жақыпбековтардың жанұясын бір мезетте кездестіру қиынның қиыны. Себебі біреуі күндіз жұмыс істесе, енді бірі түнгі ауысымға шығады. Осыған қарамастан әрбірі отбасымен металлургтер, яғни мықты мамандықты игергенін мақтан тұтады.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақамбаев