Маңғыстаудағы Атамекен ауылының халқы жолды өздері жөндеуге мәжбүр

Маңғыстау облысында Атамекен ауылдық округінің тұрғындары жолдың ой-шұқырын өздері тегістеуге мәжбүр.

Елді мекен Ақтаудың іргесінде тұрса да жолдың сапасы сын көтермейді. Жүргізушілер асфальт ойылған жермен қозғалатын көлік жиі бұзылып, жаңбырлы күнде жаяу жүрудің өзі мұң екенін айтады. Бұл мәселеден Мұнайлы ауданы әкімдігі хабардар. Жауаптылар ауылішілік жолдар қайта төселеді, дейді. Ал бұл жұмыс қашан басталады?

Атамекен ауылдық округінде 43 мыңнан астам адам тұрады. Елдімекен 11 тұрғын үй массивіне бөлінеді. Көше жолдары мүлдем толық жөндеу көрмеген. Әсіресе қалаға шығатын жолда таңертең және кешке көлік қозғалысы қиындайды. Себебі, ой-шұңқырлы жерлер көлік жылдамдығын асыруға мүмкіндік бермейді. Мезі болған тұрғындар ескі асфальт бетіне бетон сынығы аралас цемент құйған. 

Блиц-сауалнама:

- Алла разы болсын, жігіттерге. Қазір бұрынғыдан жақсарды, бұрын мына жер масқара еді, шыны керек. 

- Бұрын шұңқыр еді. Мына мектепке күнде келеміз ғой. Жаман еді жалпы... 

Халқы тығыз қоныстанған ауылға асфальт керектігі 2007 жылдан бері айтылып жүр. Кезінде саяжай болған елдімекен қазір Мұнайлы ауданына қосылған. Бірақ содан бері мәселе шешілген жоқ. Бұған дейін көпшілік бірнеше рет жиналып, көшелердің кем-кетігін өз күшімен жамап-жасқаған. 

Рүстем Көшербаев, Атамекен ауылының тұрғыны:

- Әкімдік көмектеспегесін өз қалтамыздан қаражат шығарып, өзіміз құйдық. Балаларға айтып, жиналып көп болып құйдық осыны таңғы 6-ға дейін. 5 қалта цемент кетті. Қарауылдап отырдық. Басып кетуі үшін, знак қойып отырдық. 

Осылайша, тұрғындар екі жарым және үш шақырымдық қос көше жолын қалпына келтірген. Әкімдік өкілдерінің сөзінше, аудандық маңыздағы тасжолды  толық жөндеу биыл атқарылатын жұмыс жоспарына енгізілген. Яғни ескі жол сүріліп, жаңадан асфальт төселеді.     

Болат Байбозов, Мұнайлы аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысының м.а:

Ол жердің ой-шұңқырын бітемей отырған себебіз - жаңадан реконструкцияланады. Орталық жолды қайта құрылымдау жобасы жасақталды. Бүгінгі күні қайта сараптамадан өтіп, қаражаты нақтыланып жатыр. Ол жұмыстарға жеңімпаз анықталды. Бұйырса, республикалық бюджеттен қаржы бөлінген жағдайда бұл жұмыстар басталады. 

Биыл Мұнайлы бюджетінен 33 млн теңге қаралған. Бұл қаражат Атамекен, Баянды, Батыр, Маңғыстау ауылы жолдарын жөндеуге, сондай-ақ жүру сызықтарын сырлау және жол белгілерін орнатуға жұмсалып жатыр. Аудандық маңыздағы жолдардың жалпы ұзындығы 91 шақырым. Соның 1000 шаршы метр жерінің ой-шұңқыры осы айда бітеледі.    

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев