Еліміздің жоғары оқу орындары Өзбекстандағы қазақ мұғалімдерінің біліктілігін арттыруға көмектеседі

Қазір көршімізде қазақ тілінде білім беретін 370-ге жуық мектеп бар.

Қандастар оны тәмамдаған соң Қазақстанда жоғары білім алады. Бұдан бөлек, солтүстік өңірде тұрақтап, қоныс аударатындарға мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

«Отандастар қоры» ұйытқы болған бұл басқосуға Хорезм, Бұхара, Науаи, Жызақ, Сырдария және Ташкент облысының қазақ мәдени орталық өкілдері жиналды. Қор басшысы Абзал Сапарбекұлы ең алдымен қандастар мәселесіне назар аударды. Өзбекстанда қазақ мектептері жылдан-жылға кеміп барады. Бұған балалар санының аздығы емес, мұғалім жетіспеушілігі себеп. Көбіне физика, математика сынды жаратылыстану бағытында кадр тапшы.

Абзал Сапарбекұлы, "Отандастар қоры" КЕАҚ президенті:

- Қазақстанға көшіп барған өзбекстандық ағайындар саны 500 мыңнан астам. Сіздерден шыққан зиялы өкілдер болса, солардың әлеуетін қолдану керек. Олар сіздің жайды жақсы түсінеді. Сіздер айта алмаған нәрсені олар жақсы айта алады. Ана тілі мәселесі бар, мектеп мәселесі бар.

Қазақ балалары еліміздегі жоғары оқу орнына түсер кезде де қиындыққа тап болады. Бір парасы ұлттық бірыңғай тестілеуде сүрінеді. Бұл білім беру бағдарламасының кем-кетігін көрсетіп отыр. «Отандастар қоры» мәселені шешудің бірнеше жолын ұсынды. Ең әуелі қандастарға шекті балл деңгейін түсіру мүмкіндігі қаралады. Бұдан бөлек, ана тілімізде білім беретін ұстаздарға Қазақстанда біліктілік арттыру курстары ұйымдастырылады.

Абзал Сапарбекұлы, "Отандастар қоры" КЕАҚ президенті:

- Мұғалімдер мәселесін айтып отырсыздар. Мүмкін бір бірлестік құру қажет шығар. Сонда біз Қазақстанда біреуді оқытатын болсақ, сол мұғалімдердің бірлестімен келісіп, осы жаққа жіберіп отырармыз.

Мәдени-гуманитарлық бағыттағы байланыс та дамуы қажет. Оның ішінде, орта буын өкілдері арасында ұлттық салт дәстүр байқаулары көптеп өткізілсе деген ниетін жеткізді.

Гүлдана Нарынбетова, Науаи облыстық қазақ-мәдени орталығының үйлестірушісі:

- Бізде жастармен байланыс жақсы жолға қойылды. Енді орта буын өкілдер. Жұмысшылар, ұстаздар бар, ағалар бар. Солардың арасында байқау ұйымдастырылса, баталар байқауы немесе ұлттық болмысымызды бейнелейтін байқаулар өткізілсе деген ұсынысым бар.

Тәуелсіздік жылдары тарихи Отанға оралғандар саны аз емес. Көш әлі де жалғасып жатыр. Қазақстан қандастарға биылдан бастап “ата жолы” картасын ұсынады. 3 ай ішінде азаматтық алам деушілерге тең құқық беруге де дайын. Ал солтүстік аймаққа баратындар мемлекеттің қаржылай көмегіне қол созып, кәсіп бастай алады.

Авторы: Рауан Мыңбаев