Астанада су жаңа үйлердің маңында мектеп тапшы
Астанада тұрғын үй кешендерінің құрылысы қарқынды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Алайда сол су жаңа үйлердің маңында мектеп тапшы. Балалар шалғайдағы білім ордасына қатынауға мәжбүр. Қала тұрғындары осындай базыналарымен бөлісті.
Альмира Оразбай, тілші:
- Бұл – Нұра ауданында орналасқан бірқатар көпқабатты үйдің маңы. Мұндағы тұрғындардың өз базынасы бар. Айтуларынша, үйлерге жақын жерде мектеп жоқ. Бұрын пәтер сатқан компания өкілдері үйдің жанында мектеп салынады деп сендірген. Мектеп расымен салынып жатыр, бірақ мемлекеттік емес – жекеменшік. Ал онда оқу ақылы. Тұрғындар «қалтамыз көтермейді», - дейді.
Диана Байтукина, қала тұрғыны:
- Үйді алған кезде осы үйдің маңайында мемлекеттік мектеп болады деп уәде берген. Және балабақшалар деп айтқан болатын. Бірақ қазіргі таңда мемлекеттік мектеп жоқ, бұл жақта жекеменшік мектеп салынып жатыр екен. Ол қолжетімді емес, жекеменшік мектептер өте қымбат. Бұл жақта тұрғындар эконом класс үй ғой негізі, ондай ақшасы бар халық тұрмайды.
Серік Жақыпбеков, қала тұрғыны:
- Халық барып қатынап, Көкталға дейін барады екен. Халықтың сұрауы – мемлекеттік мектеп жақын маңайда. Сосын балабақша.
Жалпы Нұра ауданында мектеп жасындағы балалардың саны 10 мыңға жуықтайды. Ал ең жақын деген мектеп жарты сағаттық жерде орналасқан. Ол 2 400 оқушыға арналған №71 мектеп. Алайда білім ордасында 4 мыңнан астам бала оқиды. Яғни, онсыз да аузы-мұрнына дейін толған мектеп артық оқушы қабылдамауға құқылы.
Виктор Микрюков, Қазақстан Құрылысшылар қауымдастығының төрағасы:
- Заңға сәйкес жұмыс істеуіміз керек. Яғни бас жоспарда әу бастан мектеп немесе аурухананың құрылысы көзделсе, онда олар міндетті түрде салынуға тиіс. Заңға негізделген ережелер бойынша жұмыс істемесек, мұндай олқылықтармен кездесе беруіміз ықтимал.
Ал жергілікті билік түйткіл жақын арада шешіледі деп сендірді. Мәселен, биыл 10 мемлекеттік мектеп пайдалануға беріледі. 18 мың оқушы орнының тапшылығы жойылады. «Ал 2024-2025 жылдары 24 «жайлы мектептің құрылысы аяқталады», - дейді жауаптылар.
Нариман Еламанов, қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Біз алдынала Құрылыс басқармасына хат жолдаймыз. Бізге осындай ауданнан осындай мектеп керек, соны қолға алсаңыздар деп. Соның арқасында биыл 10 мектеп беріледі. «Сат сити», «Мыңжылдық аллеясы», Әбу-Дабидің ар жағында салынған алаңдар, сол жерге көбінесе мемлекеттік мектептер салынады. Ол – биылға салынатын мектептер. 2024-2025 жылдары салынатын «жайлы мектептер» де көп құрылысы бар үйлердің маңайына салынады.
Ал бұл мәселе тек Нұра ауданына қатысты емес. Бүгін елорда халқының бас ауруына айналып отыр. Қалада 8 мектеп үш ауысымда жұмыс істейді. Ал 20-ға жуық білім ордасы оқушыға лық толы. Қазірдің өзінде 30 мың балаға орын тапшы.
Авторлары: Альмира Оразбай, Ерлан Наурызбаев, Арман Ақшабаев.