Жазда батыстағы халықтың Астана мен Алматыға пойыз билетін табуы қиындайды
Жаз шықса болды, батыс қазақстандықтарға Астана, Алматы қалаларына қатынау қиынға соғады.
Өйткені әуе рейстерінің саны көрші Атырау, Ақтөбемен салыстырғанда 4 есе аз, әрі ұшу құны қымбат. Ал пойызда орын жоқ. Мәселен қазір Оралдан Алматыға дейін теміржолға тамыздың 31-не ғана билет бар.
- Август айына билет жоқ совсем, августың 20-ынан кейін керек.
Орал қаласының тұрғыны Күләш Рысбаева билет алсам деп, теміржол бекетіне бүгін арнайы келген. Үміті ақталмады. Енді үйіне қайтып барады.
Күләш Рысбаева, Орал қаласының тұрғыны:
- Билет жоқ дейді, бірақ екі-үш күн қалғанда келу керек дейді. Сонда билет болуы мүмкін дейді Таразға.
– Енді не істейсіз?
– Дым да істемеймін. Күтем.
Дариға, қала тұрғыны:
- Жазда үнемі осылай ғой. Бәрі демалуға барады. Оқуға баратын балалар бар. Өте қиын мәселе. Алдын-ала қамданып, ертерек алып қою керек билетті.
Бірақ қазір пойызға бір ай бұрын да билет алу мүмкін емес. Банк қосымшасы арқылы бұған біз де көз жеткіздік. Оралдан Алматыға тамыздың 31-іне ғана орын бар. Оның өзі тальгоға. Бағасы 45 мың. Ұшаққа билет 64 мың. Амалы таусылғандар 3 мың шақырымға өз көліктерімен баруға, не таксиге мінуге мәжбүр. Нұрлан Рақымжанов солардың бірі. Алдағы апта Түркістанға аяқтай кетіп барады.
Нұрлан Рақымжанов, қала тұрғыны:
- Машинамен шығып бара жатырмыз енді, нар тәуекел деп жүреміз. Оңай емес мына аптап ыстықта. Жолдың енді барлығы тегіс емес. Ақтөбеден әрі қарай жол шамалы деп айтады. Соған енді тәуекел деп барамыз шыбын жанымызды түйіп дегендей.
Араға күн салып Оралдан Алматыға 3, Астанаға 2 пойыз жүреді. Орташа есеппен алғанда күніне Алматыға 700, бас қалаға 400 жолаушы қатынайды. Бірақ бұл шалғайдағы батысқазақстандықтарға аз екені анық. Әсіресе, аяқ астынан жолға шыққан сырқат жандарға билет таппай шарқ ұрамыз дейді бекет бастығы
Қайырболат Ғайнеден, теміржол бекетінің басшысы:
- Билет сұрайтындар бар. Енді және өзімізде Астанада, Алматыда бәрі институттар бар ғой неирохирургия дейді, президент медициналық мекемелер бар, соның бәріне барып жатыр ғой. Оның үстіне жазда квота береді ғой операцияларға. Соған байланысты сұраныстар бар.
Жаз айларындағы билет тапшылығын жергілікті теміржол басшылары бек жақсы біледі. Бірақ жолаушы тасымалын жақсарту біздің қолымыздан келмейді дейді. Осы өзекті мәселені индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың облысқа сапары кезінде көтергенбіз. Қазір вагон жоқ, боп жатса көрерміз деген. Екі ай өтті әлі нәтиже көрінбейді. Енді бұл мәселеге облыстық мәслихат депутаттары да назар аударып отыр.
Мұрат Мұқаев, облыстық мәслихат төрағасы:
- Жазғы айларда қажеттілік екі есе артады. Қазір сараптама жасадық. КТЖ басшылығын өңірге шақырып отырмыз, хат жолдап отырмыз депутаттар атынан. Алдағы уақытта жазғы айларда теміржол тасымалын біздің тұрғындарды Алматы, елордамыз Астана қаласына бару үшін қосымша тағы екі состав керек. Бір состав Астана қаласына болса, бір состав Алматы қаласына.
Әуе қатынасы да мәз емес. Мәселен халық саны қарайлас Атыраудан Астанаға аптасына 24 рейспен 13600 адам ұшса, Ақтөбеден 26 рейспен 18 мың жолаушы қатынайды. Ал Оралдан небәрі 11 рейспен 3168 ғана тұрғын ұшады екен. Бұған дейін азаматтық авиация комитетінің басшылығына бір ай уақыт берген депутаттар енді теміржол қатынасын да жақсартуды талап етпек.
Е.Жылқайдарұлы, Қ.Махмудов