Жамбыл облысындағы резиденция оқу-сауықтыру орталығына айналды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 5 өңірдегі президент резиденциясын балалардың игілігіне беруді тапсырған еді.
Бүгін алғаш болып Жамбыл облысындағы резиденция оқу-сауықтыру орталығы болып қайта ашылды. Мұнда оқушылар жыл бойы демалып, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік алды.
Аумағы 10 гектар болатын «Мөлдір-бұлақ» орталығы енді балалардың игілігіне қызмет етеді. Оқу-сауықтыру кешені 50 балаға арналған. Мұнда 5 пен 9-сынып оқушылары жыл бойы білім алады және сауықтыру шараларынан өтеді. Мекемеде жеткіншектерді интеллектуалдық тұрғыда дамытуға баса көңіл бөлінеді. Материалдық техникалық базасы да соған сай қайта жабдықталды.
Мәди Мәтен, Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы:
- Жөндеу жұмыстары бар, сонымен қатар оқу құрал-жабдықтары бар. Заманауи тұрғыдағы құралдар бар. Солардың барлығына жалпы бюджеттің есебінен 610 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді. Алдағы уақытта мүмкіндіктерге сәйкес жергілікті бюджеттің есебінен ұлғайту мәселесі, жалпы аясын кеңейту мәселесі қаралатын болады.
Орталықта жылына 1000-ға жуық жеткіншек демалады. Оқу озаттары мен дарынды және мүмкіндігі шектеулі оқушылар, сонымен қоса әлеуметтік осал отбасының балалары да қамтылады.
Салтанат Құрманова, облыстық «Мөлдір-бұлақ» оқу-сауықтыру орталығының директоры:
- Қыркүйек айынан бастап оқушыларымыз 20 күн жатып демалатын болады. 20 күннің ішінде біз оқу бағдарламасын үзбей балаларға жүргізіп отыратын боламыз. Оқу панальдерімен жабдықталған. Бұл панельдер соңғы үлгідегі барлық жүйені тартады. Интернет 100% қамтылған.
Мекемеде 10 түрлі үйірме бар. Оның жартысы ұлттық тәлім-тәрбие беру бағытында жұмыс істейді. Кешен қазір балалардың алғашқы легін қабылдады.
Оқушылар:
- Біз 3 күн бұрын келдік. Бұл жерде өте керемет. Табиғаты да таза, ауасы да таза. Біз өзімізге көп дос, жақсы достар тауып алдық. Үйреніп кеттік, тамақтары да дәмді.
- Осы жаққа келуге әр балаға кеңес беремін. Өте керемет. «Вожатыйлары» да әдемі, жақсы. Әртүрлі ойындарды күнде ойнаймыз.
Оқу-сауықтыру орталығында коворкинг және гольф орталықтары бар. Спорт алаңдары мен шағын саябақ та балалар игілігіне берілді.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә.