Түнгі клубтарда сатылатын «шаттық шарларына» тыйым салынатын болды

Түнгі клубтарда саудасы қызған "шаттандырғыш шарларға" жуырда тыйым салынады.

Заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр. Құжат мақұлданса, зиянды шарды қолдану, тарату, сату толық тоқтатылады. Қазіргі ахуал қандай?

Қызылды-жасылды шарлар, заманауи өлең һәм көңілді жастар. Бір қарағанда бұл көріністі балғын шақтың бейқам кеші деуге болады. Бірақ... Бұл жастардың қолында жүрген жай шар емес. Улы газбен үрленген шар. Ол адам бойына еніп, оны еріксіз есінен айырады. Бұған, әлеуметтік желіде тараған мына бейнелер дәлел. 

Түнгі клубты торуылдаған қала жастары әлгіні көптеп тұтынады. Солардың бірі Жандос. «Бірнеше жылдар бойы  шаттандырғыш шармен таныспын»,- дейді ол.  Ауылдан келген аңғал бала қызығушылықпен бір мәрте пайдаланыпты. Кейін осы шардың шырмауына шыға алмай қалды.

Жандос, қала тұрғыны:

- Алғашында қандай зат екен деген қызығушылық болды. Аздаған уақыт көңілімді көтеріп, ләззатқа бөледі. Әсері қайтқаннан кейін екіншісін үрледім. Солайынан шардың тұрақты тұтынушысына айналдым. Қазір көп пайдаланбаймын, дегенмен кейде іздеп тұрамын. Өз достарыма пайдаланбауға  кеңес беремін.

Шардың құрамы қарапайым. Азот тұтығы мен химиялық қоспалар  арқылы дайындалады. Бастапқы кезде улы газдан аса бір үлкен қауіп байқалмайды. Бірақ уақыт өте психикалық ауруларға душар қылады.  Тіпті тәтті удың арты өлімге де әкеп соғады.  

Александр Рущук, наркология орталығының психологы:

- Еліткіш газ құйылған шар қоғамдағы өзекті мәселенің бірі. Жеңіл есірткі деп атауға да болады. Оның  арты тәуелділікке алып келеді. Маған қаралатын науқастардың көбі есірткінің бірнеше түріне түбегейлі тәуелді азаматтар. Біз оларды зерттейміз. Барлығы осы шарды пайдаланып, кейін есірткіге көшкен. Яғни, бүгін еліткіш газды бір тұтынған жас ертең есірткіге қызығушылығы оянауы мүмкін.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Мына шарға ауа үрлеп өскен балалар, қазір керісінше ішіндегі улы газды жұтумен әуестеніп жүр. Негізінен азот оксидін медицинада пайдаланады. Әлгі наркоздың орнына жүреді. Ал оны көңіл көтеру үшін қолдану зиян екенін жауаптылар да жақсы біліп отыр.

Шар сату кәсібіне түбегейлі тыйым салу қазір Мәжілісте қаралуда. Халық қалаулылары аталмыш жағдайға алаңдатушылықпен қарайды.  

Динара Наумова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мәжіліс қабырғасында есірткі өнімдерінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі заң жобасы енгізілді.   Демалысқа шығуына байланысты  толық қарай алмадық, бірақ қыркүйек айында  осы бағытта белсенді түрде жалғастырамыз деп ойлаймын. 

Ішкі істер министрлігінің мамандары: «Заң күшіне енсе зиянды заттың жолын түп тамырымен  жоюға мүмкін туады»,-  дейді. 

Талғат Хамзин, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің аға инспекторы:

- Көңілдердендігіш газ денсаулық сақтау министрілігінің дайындаған адам өмірі мен денсаулығына зиян келтіретін күшті әсер ететін заттардың тізбесіне еңгізілген.  олардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілік ҚР ҚК 310 және 286 баптарында көзделген.  

Бірақ кеселге тұсау болмай тұр. Түңгі клубтарда азот оксиді құйылған шарлар ашық сатылуда. Саудасы қызған улы газды шектеу мәселесі осыған дейін бірнеше рет көтерілді. Сең енді қозғалған сыңайлы. Ақырын уақыт көрсетеді...

Шернияз Жалғасбекұлы, Серік Қоңырбаев