Павлодарда ағаш қурап жатыр

Қуаңшылық жасыл желек қорына ауыр тиіп тұр.

Павлодарда саябақтар мен скверлерге көрік берген ағаштар қурап жатыр. Биолог-сарапшылар бұған бірнеше фактор әсер еткенін айтады.

Бұл саябаққа ағаштар осыдан 20-30 жыл бұрын егілді. Қазір бәйтеректер суарылмайды. Олардың күтіміне қатысты ешқандай жұмыс жүргізілмейді. Ылғал тапшы. Қураған ағаштардың басым бөлігі цитоспорозға шалдыққан.  

Татьяна Пономарёва, биолог:

- Өкінішке орай, биыл қайың ағаштарының көп бөлігі қурап кетті. Құрғақшылыққа төтеп бере алмады. Ағаштардың иммунитеті төмендегенін көріп тұрмыз. Егер жазда ылғал тапшылығы сезіліп, күзде жаңбыр көп жауса өсімдіктердің көбі саңырауқұлақ ауруы цитоспорозға ұшырайды. Сондықтан күз басталмай тұрып кесел жұқтырған  ағаштардан құтылуымыз керек.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Павлодарда осы тектес қырыққа жуық шағын сквер бар. Ондағы өсіп тұрған ағаштардың кем дегенде 30 проценті қурап кеткен немесе ауруға шалдыққан. Мамандар осы ауру ағаштарды дер кезінде жоймаса қалған жасыл желекті сақтап қалу қиынға түсетінін айтады. 

Қазір Павлодарда жасыл желек қоры түгенделіп жатыр. Бұл жұмыстарға құрамына арнайы мамандар, өсімдіктанушылар кірген ғылыми топ айналысады. Олар техникалық бақылау жүргізіп, жұқпалы аурулардың ошағын анықтайды.

Татьяна Пономарёва, биолог:

- Біз жалпы көрініске қанықпыз. Жекелеген түйткілдер де бар. Қаладағы өсімдік қорының патологиялық картасы құрылды. Түгендеу аяқталғаннан кейін барлық ошағын қалалық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылығы бөліміне тапсырамыз. 

Биологтар алдағы уақытта қураған ағаштардың саны арта түседі деп  болжайды. Ал қала әкімдігі ағаш кесумен айналысатын мердігермен үш жылдық келісімшартқа отырған.   

Бағдат Жанғұлова, қалалық ТҮКШ бөлімі сектор меңгерушісі м.а:

- Біз әрбір саябаққа қатысты қорытынды жасаймыз. Бұл іспен тәжірибелі мамандар айналысады. Көшелердің бойында өсіп тұрған барлық ағаш қамтылады. Алдымен Астана, Лермонтов, Назарбаев көшелеріндегі қураған ағаштарды ретке келтіреміз. Жұмыс мамандардың зерттеу нәтижелеріне сәйкес жүргізіледі. 

Павлодардың бас жоспарына сай облыс орталығында жаңадан екі саябақ ашылған. Көктемгі және күзгі ағаш отырғызу науқаны қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Ал свкерлер мен қала көшелеріндегі қураған ағаштардың орнына  келешекте жаңа ағаш көшеттері отырғызылады.

Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат