Ақмолалық науқастар үйінен шықпай-ақ ем алу мүмкіндігіне ие болды

Өңірде «Ата-анаға қамқорлық» жобасы жүзеге асырылып келеді.

Оның аясында дәрігерлер қарттар мен жүріп-тұруы қиын сырқат жандардың үйіне барып, медициналық кызмет көрсетеді. Осы күнге дейін алты мыңдай облыс тұрғыны жобаның игілігін көрді.  

Зоя Мамаева қала іргесіндегі Красный яр ауылында тұрады. Зейнеткер жылына бірнеше рет жергілікті емханаға қаралады. Жасы ұлғайған сайын ауруханаға барып келу қиындағанын айтады. Ал «Ата-анаға қамқорлық» жобасы туралы естігінде қуанып, алғашқылардың бірі болып тіркелген.

Зоя Мамаева, зейнеткер:

- Біз сияқты зейнеткер үшін өте тиімді. Себебі жас келгесін жүріп тұруі қиындайды. Емхана тарапынан осындай ұсыныс түскенде қуана келістім. Қазір дәрігерлер үйге келіп, қызмет көрсетіп жатыр.

Красный яр ауылында 15 мыңға жуық адам тұрады. Соның екі мыңнан астамы емханада тіркелген. Ақ халаттылар тек ауыр науқастарды ғана емес, тіркеудегі тұрғындарды да қамтуға тырысады.

Бақыт Жуварова, дәрігер:

- Науқастардың жасы әртүрлі. Біз зейнеткерлермен ғана шектелмейміз. Оның ішінде мүмкінідігі шектеулі жандар, балалар да болады. Сондай-ақ, тек шақырту бойынша бармаймыз. Емханада есепте тұрған науқастарға да барып, тексеріп тұрамыз.

Ақ халаттылар да жылжымалы ультрадыбыстық зерттеу аппаратынан бөлек басқа да заманауи медициналық құрал-жабдықтары бар. Сонымен бірге гинекологиялық тексеру, қант деңгейіне зертханалық диагностика жасау мүмкіндігі де қарастырылған. Әзірге жаңа жоба екі емханада жүзеге асып жатыр.

Нұрлан Ахылбеков, денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Жобаны облыс бойынша жүзеге асырғымыз келеді. Целиноград ауданында бастапқы жұмыстар басталды. Пилоттық жобаның тиімділігін барлық аймақ тұрғыны көрсе екен дейміз. Қазір осы бағыттағы жұмыстар пысықталып жатыр.

Тың жобаны жүзеге асыруға жергілікті қазынадан 35 млн.теңге бөлінді. Бұдан бөлек, биыл «Жылжымалы дәріхана» жобасы да қолға алынды. Оның аясында қаладан шалғай орналасқан аудан, ауыл тұрғындарына тегін дәрі-дәрмек үлестіріледі.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный