Елордадағы жазғы демалыс орталығының бірінде ұлттық құндылықтар дәріптелді

Астана маңындағы балаларға арналған жазғы демалыс орталығының бірінде ұлттық құндылықтар дәріптелді.

Онда тәлім алып жатқан бүлдіршіндер Абай өлеңдерін жатқа айтып жарысты. Абай мен Тоғжан көрінісін қойып, ерекше өнер көрсетті.

Жүн сабау, түбіт түту, ұршық иіру. Бұл этно ауыл емес, Астана маңындағы балаларға арналған  жазғы сауықтыру орталығындағы көрініс. Ақшаңқан киіз үйлерді Абай мен Тоғжан ауылы атапты. Мұндағылар қаладан демалуға келген балаларға ұлттық құндылықты осылай дәріптемек. Бұл жолы игі шара Абай күндеріне ұласты. Балғындар демалыс уақытында Абай ақынның өлеңдері мен қара сөздерін жаттап жарысады.

Рахметолла Жанатхан, мектеп оқушысы:

- Мен Абайдың елу өлеңін және он бес-жиырма шақты қарасөзін білемін. Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап.

Демалыс кезінде балалардың бос уақытын тиімді өткізу үшін тәлімгерлер осындай түрлі тақырыптық шараларды жиі өткізетінін айтады. Оларды еңбекке баулумен қатар, зияткерлік ойындар арқылы ойлау қабілетін шыңдай түспек. Бұл жазғы демалыс орталығы болғандықтан мұнда балалар кезең-кезеңімен келеді. Көпбалалы отбасылар, ата-ана қамқорынсыз қалған, әлеуметтік осал топ қатарындағы балаларға басымдық беріледі.

Қасымхан Сенғазыев, Астана қаласы білім басқармасының басшысы:

- Ұлттық құндылықтарға тәрбие білім беру процесі тек қана лагерьде емес, жазғы уақытта үздіксіз процесс болу үшін жасалып жатыр. Біз оны пилоттық негізде былтырғы жылы енгізген болатынбыз. Бес мектептің базасында. Енді 22-23 жылғы оқу жылында біз оны 20 мектепке көбейттік. Қазір жазғы уақытта мектептерде біліктілігін арттыру курстарынан өтіп жатыр. 2025 жылға дейін барлық мектептерде ұлттық құндылықтарға негізделген білім беру бағыты бойынша жүргізетін боламыз.

Астананың білім беру ұйымдары базасында бүгінде осындай 155 демалыс лагері жұмыс істеп тұр. Жаз бойы осы орталықтарда 2 мыңға жуық бала тәлім алды.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Диас Қобыланбаев