Қазақстандық медиаторлар халыққа тегін кеңес беріп жатыр
Қазақстандық медиаторлар кәсіби мерекесі қарсаңында азаматтарға тегін кеңес беріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Осыған байланысты халыққа қызмет көрсету орталықтарында ашық есік күнін өткізіп келеді. Ел батысында бастау алған игі шара бүгін елордада жалғасты. Келушілерге медиация туралы жан-жақты ақпарат берілді. Еңбек, отбасылық, азаматтық және құқықтық қатынастар, кейбір қылмыстық істер бойынша дауларды бейтарап шешу жолдары түсіндірілді.
Айта кеткен жөн, осыған дейін еліміздің 9 өңірінде жалпы саны 32 аймақтық конференция және Нидерланд елінің жетекші медиаторларының қатысуымен халықаралық дөңгелек үстел өтті.
Айна Абасилова, қала тұрғыны:
- Мен осы еңбек шартына байланысты медиаторларға сұрақ қою үшін келдім. Бүкіл сұрағыма қанағаттанарлық жауап алдым. Біраз білмейтін нәрселерімді өзіме түртіп алдым.
Сабыржан Қалмұхамбетов, «Халықаралық келіссөздер академиясы» қауымдастығы» ЗТБ төрағасы:
- Отандық медиация қарқынды дамып жатыр. Өйткені мемлекет бұл саланы республикалық грант бөлу арқылы қолдап келеді. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы арқылы да демеу беріп жатыр. Ең бастысы, елде медиаторларға сұраныс бар. Көпшілік мәселені сотқа дейін шешуді құп көреді.