Ұшаққа алып кіруге болмайтын заттар тізімі толықтырылды

Ұшаққа мінерде қол жүгімен алып жүруге тыйым салынған заттардың қатары толықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның ішінде 100 милиграммнан аспайтын сұйық ерін далабы, сүрме және тіс пастасы бар. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жаңа ережені бекітті. Бірақ бұл өзгерістен соң тұрғындар пікірі екіге айырылды. Бастаманы бірі қолдаса, енді бірі оның мәнін түсінбей дал.

Әлемдік стандарт бойынша бұрын бортқа адам өміріне қауіп төндіретін заттар мен сұйықтық құйылған құтыларды алып кіруге болмайтын. Арнайы құжатта суық қарудан бөлек белгілі бір косметика деп жалпылама көрсетілген еді. Ал енді толықтыруға сәйкес, қол жүгіне көлемі 100 милиграммнан аспайтын сұйық ерін далабы, сүрме және тіс пастасын салуға да тыйым салынып отыр. 

- Мысалы «помада», «тушь», оны сумочкаға алуға болады деп ойлаймын. Мен қарсымын. Кез келген әйел адам өзінің ажарын қарап, өзін қарап жүрген әйел болса, алуға болады.

- Әйелім әдемі болып жүргенді жақсы көреді. Сөмкесінен үнемі бетін әрлейтін заттарды табуға болады. Оның қай жері қауіпті? Мен бұл қаулыны қолдамаймын.

- Қарсымын, енді ол майда заттар ғой. Түркияға барып келдім, сонда тоникті алып қалды менен. 100 грамнан сәл-ақ көп болды, 120-дай. Соны алып қалды менен.

- Негізі жеке ойым, ішкі әкімшіліктердің өзінің тиімділігіне қарсы емеспін. Әртүрлі жағдай болып жатыр заманда, уақытқа байланысты. Сондықтан қарсы емеспін оған.

Иә, азаматтардың пікірі осылайша қақ айырылды. Алайда бұл – тек қол жүгіне байланысты шектеу. Яғни, тыйым салынған дүниені әрбір жолаушы ұшақ багажына өткізе алады немесе әуежай тарапынан басқа да нұсқалар ұсынылады. Мысалы, сақтау бөлмесіне 30 күн тегін қою яки шығарып салушы азаматқа затын беріп жіберуге болады.

Альмира Оразбай, тілші:

- Егер жолаушы тыйым салынған немесе шектелген затты қол жүгіне салып алатын болса, онда әуежай қызметкерлері оны тәркілеп, сақтау бөлмесіне қоюға құқылы. Мәселен, мына бөлмеде көлемі 100 миллилитрден асатын мынадай сусабындар, әтірлер және мынадай өткір үшкір заттар сақталған.

Әсет Төлеуов, авиациялық қауіпсіздік қызметі тексеру бөлімінің аға инспекторы:

- Сұйық заттардың көп түрі бар. Химиялық қоспалары бар заттар. Солардың кесірінен түрлері түсті болып келуі мүмкін, біз айыра алмаймыз. Келген жай құтының ішінде суға ұқсас зат келу мүмкін, бірақ ол химиялық зат боп есептелуі мүмкін. Әуе кемесіне адам қандай мақсатпен алып бара жатқанын білмегендіктен, біз содан шектеу қоямыз. Әуежайда қауіпсіздік қызметі күшейтілген. Жаңа қаулыға байланысты одан әрі күшейтіледі.

Дегенмен Авиациялық қауіпсіздік департаментіндегілер толықтырулардың басты мақсаты жолаушылардың қауіпсіздігі дейді.

Гүлнар Айтмұханова, Авиациялық қауіпсіздік департаментінің инспекторы:

- Ерінге жағатын «блеск» дейміз, көзге жағатын «кірпікке арналған тушь» дейміз, оның бәрін қолжүгінде алып жүруге болады. Бірақ 100 мл аспау керек. Ең басты талап сол. Сұлулық салондары бар, олар өздерімен бірге алып жүргісі келеді. Мақсатымыз – жолаушылардың қауіпсіздігі.

Бұл заң Халықаралық азаматтық авиация ұйымының талаптарына сай дайындалған. Мамандар мұның әлемдік тәжірибеде бар екенін айтып жатыр. Сол себепті одан бас тарта алмаймыз деп отыр. Бұл заң негізі 2011 жылдан бері бар. Алайда қандай заттарға тыйым салынатыны осыған дейін нақтыланбаған еді. Ал биыл толықтырулар енгізілді. Құжат 13 тамыздан бастап күшіне енеді.

Авторы: Альмира Оразбай, Ербол Дайыров