Жамбыл облысында таудағы өрт оқшауланды

Жамбыл облысында аптап ыстықтан Меркі тауларында басталған өрт үшінші күні оқшауланды.

Қызыл жалын ауданның 300 гектар жерін шарпыған. Тау басында тұтанған өртті өшіру үшін, авиатехникамен 18 рет су тастау жұмысы жүргізіліп, 27 тонна су төгілді. Жалпы жалынды ауыздықтауға 270 адам және 36 техника жұмылдырылды.  Еске салсақ, 2 тамызда Ақтоған ауылынан 20 шақырым жерде қураған шөп жанып, өрт өршіген болатын. Бұл биылдыққа облыс аумағында болған алтыншы орман өрті. Оған қоса жыл басынан бері төрт дала өрті тіркелді. Мамандардың мәліметінше,  өрт оқиғалары өткен жылмен салыстырғанда үш есе артып отыр.