Алматыда мопедшілер жол ережесін 10 мыңнан астам рет бұзған
Жыл басынан бері Алматыда мопед жүргізушілері 10 мың реттен аса жол жүру ережесін бұзған.
Тек мопедтердің қатысуымен 250 апат тіркеліп, 10 адам қаза тапты. Мұндай статистиканы Алматы қаласының әкімшілік полициясы таратты. Жол-көлік оқиғаларына жылдамдықты сақтамау, қарсы жолаққа шығу және көлік ағынымен жүру ережелерін бұзу себеп болып отыр. Жағдайдың қаншалықты ауыр екенін мына кадрлардан анық байқауға болады. Қаладағы айыптұрақта жол ережесін бұзып, қолға түскен мотоциклдер мен мопедтер үшін бөлек аймақ бөлінген. Мұнда қазір 628 шағын қозғалыс көлігі қаңтарылып тұр. Бұл жерге күн сайын 15-20 мопед әкелінеді. Олардың көпшілігі жол апатынан жарамсыз болып қалған. Сонымен қатар мопед пен мотоцикл иелері түнгі уақытта қала тұрғындарының тыныштығын бұзатыны жасырын емес.
Асхат Құлбаев, Алматы ПД Әкімшілік полиция басқармасының басшысы:
- Мотоциклдер мен мопедтердің иелері көліктің даусын қатты шығару үшін әртүрлі әрекет жасайды. Бұл азаматтардың тыныштығына кері әсер етеді, әсіресе түнгі уақытта рұқсат етілмеген жарыстар ұйымдастырады. Сондай-ақ маневр жасау және жылдамдықты шектеу ережелерін бұзып, қала бойынша топтық қозғалыстар жасайды. Тұрғындар бұған да шағымданып отыр.