Қарағандыда уланған балалар тәулік бойғы бақылауға алынды
Қарағандыдағы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында мамандар тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, барлық баланы бақылауға алды.
Құрамына 6 ведомстваның басшысы мен жасөспірімдердің құқықтарын қорғау жөніндегі бас инспектор енген арнайы комиссия балалардың неден уланғанын анықтап жатыр. Тексеріс нәтижесі 30 күннен кейін дайын болады. Қазір 9 бала ауруханада жатыр. Оның 6-уы жансақтау бөлімінде. Уланған 14 баланың біреуі көз жұмып, төртеуі күні кеше емделіп шықты. Әзірге тамақтан улануы мүмкін деген болжам расталмады.
Ерсін Сәкен, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:
- Қазіргі кезде орталықтың қызметі қалыпты жағдайда жүзеге асырылуда. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкерлерімен тұрақты түрде кезекшілік жүргізіліп жатыр. Қалған балалар орталықта тұрып қызмет алып жатқан және тұрып жатқан балалар толық кешенді медициналық тексерістен өткізіліп, қазір кезде балалардың денсаулықтарына шағымдары жоқ.