Ақтөбеде мектепке биометрия арқылы кіру енгізілді
Жаңа жүйе, алақан тамырларының биометриясына негізделген.
Alaqan Мektep жүйесінің көмегімен түскі астың ақысын төлеуге және кітапханадан кітап алуға да болады.
Осылай мектеп кіреберісіндегі электронды сканерге алақанды қойғанда есік ашылады. Оқушының мектепке кірген-шыққаны туралы бар ақпарат сол сәтте ата-анасының ұялы телефона жетеді. Асханадағы тамақты да алақанмен төлеуге болады.
Аслан Төлегенов, жобаны әзірлеуші компанияның атқарушы директоры:
- Бұл жүйе балаларды қолма-қол ақша төлеуден арылтады. Ата-аналар асхана мәзірімен ұялы телефон қосымшасы арқылы танысып, қажетті қаражатты жүктеп отырады. Баланың не ішіп-жегенін де көруге болады.
Бұл мектепте турникеттер екі жыл бұрын пайда болған. Оқушылар мен ұстаздар арнайы карта және білезіктің көмегімен кіріп-шығып жүрді. Жаңа оқу жылынан бастап екі жүйе қатар қызмет етеді. Бірақ білім ордасының өкілдері «алақанмен» ашудың артықшылығын құп көріп отыр.
Ләззат Молдажарова Ә.Кекілбаев атындағы №72 мектеп-гимназия директорының орынбасары:
- Дегенмен оқушылардың жоғалтуы өте көп. Мұғалімдер тарапынан да, оқушылар тарапынан да. Содан кейін бірінші класс оқушыларының бойы кішкентай, қолын созып мына турникетке жеткізу кішкене қиындау болып тұрды. Ал қазір енгізілген алақан бағдарламасы тек қана алақанның тамырларын алады да бұл өте ыңғайлы.
Мектепке кіру құрылғысында дабыл батырмасы да бар. Қауіп төнген жағдайда полицейлердің басқару орталығына жедел ақпарат түседі. Әзірге мұндай жүйе өңірдегі бір мектепте ғана бар.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков