Атыраудағы «Ерік Мостовой» дренаж арнасының жыры бітер емес
20 жыл бұрын 1,5 миллиард теңгеге салынған арна қазір қалдық суға толып, тұрғындардың мазасын қашырған.
Жергілікті билік бұл мәселеден хабардар. Оны шешу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатқанын айтады.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Ел ішінде Ерік-Мостовой аталып кеткен дренаж арнасы осы жерден басталады. Ұзындығы – 16 шақырым. Кезінде жөнсіз жобаның кесірінен қазір сасық суға, одан қалса қоқысқа толған. Осы арнаны жағалай қонған жұрт өзекті мәселе тезірек шешімін тапса дейді.
Қыста қар, жазда жаңбыр суы жиналып маса-сонаның ордасына айналатын арнаның жыры биыл да бітпейтін секілді. Жақында әлеуметтік желіде осы арнаға жиналған сасық судың Жайыққа ағып жатқан бейнежазбасы тарап, тұрғындар дабыл қаққан.
Экология департаменті судың сынамасын алған. Тексеріс нәтижесі ластаушы заттың шамадан артық екенін көрсетті.
Сырым Тілегенов, облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары:
- Еркінқала ауылының тұсынан каналдың ішінен су сынамасын алды 14 шілде күні. Су сынамасының нәтижесі бойынша хлоридтан және өлшеусіз заттардан нормадан асу фактісі анықталды. Сол суды ағызуды тоқтатып, сол каналдың бойын тазалау бойынша Атырау қалалық әкімдігіне және «Жайық-Каспий» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясына хат жолданды.
Қалалық әкімдік дренаж арнасының Жайыққа құяр жерін бітеген. Ал шаһардың тазалығына жауапты мекеме арна ішіндегі қоқысты жинауға кіріскен. Мәселе әкімдіктің бақылауында.
Арман Абдолов, қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Ағымдағы жылы 22 наурыз күні келісімшарт жасақталған болатын. Жоба құны – 112 млн теңгені құрайды. Жоба бойынша ашық канал жабық түрде жобаланады. Канал бойы 16 км құрайды. Канал бойымен кәріз жүйесі, жазғы суару жүйелері, дренаждық жүйе жобаланады. Бос жерлерге саябақ, велодорожка, беговая дорожка жобаланады.
Дренаж арнасы қалпына келтірілсе, қаладағы жерасты суларының деңгейі төмендеп, жаңбыр мол жауғанда қаланы су басу қаупі жойылады. Бірақ жоба дайын болғанымен мемлекеттік сараптамадан өтуі біраз уақыт алады. Оған қоса қашан қаржы бөлінетіні де белгісіз.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин