Сазды ауылындағы мектепте күрделі жөндеу жүріп жатыр

Ақтөбенің іргесіндегі Сазды ауылының оқушылары жаңа оқу жылын көрші елді мекендегі мектепте бастауы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі мектептерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қазір құрылысшылар демалыссыз жұмыс кестесіне көшкен. Құрылыс қашан аяқталады?

Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын ашылған бұл мектепке күрделі жөндеу бірінші рет жасалып жатыр. Едені мен шатыры ауыстырылып, жылу және электр жүйелері жаңартылды. Қасбеті де қайта ретке келтіріледі. Ауқымды жұмыс қолға алынғандықтан, жаңа оқу жылына үлгермей қалу қаупі бар екендігін білім беру саласының шенеуніктері мойындап отыр. Алайда мердігер 1 қыркүйекке дейін дайын болатындығына сенімді.

Артур Есқалиев, мердігер мекеме өкілі:

- «Отделка чистовой» біткеннен кейін «светильниктер», «розеткалер» қондырылады. Қазіргі таңда «стяжка» құйылып жатыр. Екінші қабатты бітірдік. Бірінші қабатты 3 күнде бітіреміз. Осы нысанда қазіргі таңда 50-60 адам жұмыс жасап жатыр. Қосымша жұмысшыларды тарттырып жатырмыз. Әлі де тарттырамыз. 1 қыркүйекке бітіруге толығымен үлгереміз деп ойлаймыз.

Дегенмен жаңа оқу жылына дейін жөндеу жұмыстары аяқталмаса, Сазды орта мектебінің 400 оқушысы көршілес елді мекендегі білім ордасына уақытша көшіліреді. Мұғалімдер де ескертілген. Шамамен 1 шақырым жер болғандықтан, қатынас қиындық тудыра қоймауы тиіс. Болжам бойынша қыркүйектің алғашқы аптасында ғана осылай амалдауға тура келеді.

Светлана Оңғарбаева, Сазды орта мектебінің директоры:

- Қалалық білім бөлімімен ақылдасып, 66-шы орта мектепке уақытша көшетін болып шештік. Оқу ордасы ғимаратының бір бөлігі біздің балаларға берілетін болды. Оқушыларды мектептің автобусымен тасимыз.

Жалпы биыл өңірдегі білім беру мекемелерінің 34-інде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның ішінде 23-і – орта мектеп. Бұл мақсатқа бюджеттен 4 млрд 800 млн теңге қаражат бөлінген. Саздыдағы ғимараттан өзгесі жаңа оқу жылына дейін тас-түйін дайын болуы тиіс.

Жайық Сұлтан, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Мердігерлермен тікелей сөйлесіп, жұмыс қарқынын жеделдету және жұмыс күшін қосу бойынша қазір біз осы мәселені жоспарға қойдық. Қазіргі таңда жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Басты мақсат, ол мына тозығы жеткен мектептердің жағдайын түзеп, жаңа оқу жылында оқушылар жақсы жағдайда өздерінің оқу процесін бастау мақсаты алға қойылды.

Жөндеу жұмыстарынан бөлек қазір облыста 20 жаңа мектеп салынып жатыр. Олардың алтауы алдағы оқу жылына дейін қолданысқа берілуі тиіс.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков.