«Хабар» агенттігі мен Қытайдағы телекомпаниялар телеөнім алмасады
Қытайда қазақ тілінде шығатын теле және аудио бағдарламалар қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Әсіресе заманауи озық медиа технологияларды қолдану арқылы контентті жедел тарату жолға қойылған. Көрші елдегі аудитория қазақстандық телеөнімдерге айрықша қызығушылық танытып отыр. «Хабар» агенттігі Бейжіңде өтіп жатқан халықаралық аудивизуалдық форумда Қытайдағы жетекші телекомпаниялар басшыларымен кездесіп, контент, технология алмасу бойынша келіссөздер жүргізді.
Аспан асты мемлекетінде 2 млн-ға жуық қандасымыз тұрады. Оларды ана тіліндегі сапалы өніммен Шыңжаңдағы Жібек жолы телекомпаниясы қамтамасыз етіп отыр. Мұндағы әріптестер өз телеөнімдерін қазақстандық аудиторияға ұсынуға мүдделі екендіктерін жеткізді.
Ұлнұр Нәбижанқызы, Шыңжаң «Жібек жолы» медиа компаниясының бас директоры:
- Бүгінгі жиналыс бұл Бейжіңде осы ең үлкен қазіргі саладағы ең озық техникаларды, озық жақсы мазмұндарды халыққа көрсету үшін өткізіп жатыр. Мұнда 200-ден аса ірі компания қатысып, өндірген жақсы мазмұндарын, жақсы жоспарларын алып келіп отыр. Меніңше, Орта Азия елдерінің Жунго елімен байланысы өте жақсы, достығы күшейіп келе жатыр. Осы орайда осы техника, жақсы мазмұн жағынан көбірек ауыс-түйіс болса деймін.