200 мың қазақстандық тұрғын үй кезегінен алынады

Елімізде 200 мыңнан аса азамат тұрғын үй кезегінен алынуы мүмкін.

Қазір бұл тізімде 647 мыңға жуық қазақстандық бар. 10 жылда кезекте тұрғандар саны 6 есе өскен. Негізі жергілікті әкімдіктер баспанаға мұқтаж жандардың тізімін жыл сайын жаңартып отыру керек. Міне биыл бұл іске индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі кірісті. Олар цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, арнайы сараптама жүргізген. Бірқатар мемлекеттік органның ақпараттық базасын біріктіру нәтижесінде кезектегі 96100 адамның соңғы 5 жылда үйлі болғаны белгілі болды. 533 үміткердің азаматтығы болмай шыққан. 91 мың адам өзге аймақтарға көшіп кетіпті. Ал 29 мың азамат ең жерде тұрақты түрде тіркелмеген. 15 мың адам қайтыс болған. Бірақ ешқайсысы тұрғын үй кезегінен алынбаған.

Бауыржан Қабдол, ҚР ИИДМ құрылыс және ТҮКШ істері комитеті төрағасының орынбасары:

- Әкімдіктер жыл сайын тұрғын үйге мұқтаждар жандардың тізімін жаңартып отырады. Себебі азаматтардың көбі өз бетінше баспана ала алады. Сөйтіп, кезекте тұру құқығынан айырылады. Басқа елдімекенге тұрақты тұруға көшіп кететіндер бар. Бұл жағдайда да мемлекеттік тұрғын үй қорындағы үйге мұқтаж бола алмайды. Осы себепті кезектен шығарылатын азаматтар мемлекеттік көмек шынымен мұқтаж адамдарға жетуі керек екенін түсінуі керек.