Бірқатар теміржол нысаны мемлекетке қайтарылады
Теміржол саласындағы бірқатар нысан мемлекет меншігіне қайтарылады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия отырысын өткізді. Жиында теміржол инфрақұрылымын бәсекеге қабілетті ортаға беру туралы мәміле сот тарапынан жарамсыз деп танылғаны белгілі болды. Дәлірек айтсақ, тапсырылған мүлікті ысырап ету фактісі анықталған. Тергеу органдары түпкілікті шешім қабылданғанға дейін активтерге тыйым салып, ҚТЖ басқармасына берді.
Сонымен қатар отырыста денсаулық сақтау саласындағы ұйымды республика меншігіне қайтару мәселесі қаралды. Мұнда активті басқаруды өз мойнына алған жекеменшік компания ұзақ уақыт бойы өз міндетін орындамай, келісілген инвестициялық бағдарламаның шарттарын бұзған. Талқылау қорытындысы бойынша басқару тиімділігіне тексеру жүргізу үшін ведомствоаралық комиссия құру туралы шешім қабылданды.