Маңғыстау облысында 144 мың оқушы жазғы лагерьде демалып жатыр
Маңғыстау өңірінде 144 мыңнан аса оқушы жазғы демалысын лагерьде өткізіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оның ішінде 40 мың бала тегін жолдама алған. Ол үшін облыс бюджетінен 682 млн теңге бөлінді. Бұл тізімге дарынды және озат оқушылар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған жеткіншектер, сондай-ақ көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары енді.
Қазір аймақта 239 лагер жұмыс істеп тұр. Оқушылар 10 күн бойы теңізге шомылуды үйреніп, туристік орындарға саяхаттайды. Кинотеатр, музейге барып, мәдени-спорттық шараларға қатысады. Бұдан бөлек, 100-ден аса маңғыстаулық жас өрен жазғы демалысын басқа қалада өткізеді.
Фарида Мырзабек, оқушы:
- Түрлі жүлделердің иесі болғандықтан, мектептен лагерьге жолдама берген болатын. Келгенімізге аз ғана уақыт өтсе де, бізге күнделікті ойын-сауықтар, барлығы да бізге қызық болып жатыр. Маған барлығы ұнап жатыр. Көптеген дос таптым, келгеніме өкінбеймін.
Орынгүл Мамутова, облыстық білім басқармасының бас маманы:
- Туристік бағытта 120 бала Астана және Алматы қалаларында демалатын болады. Сонымен қатар, биыл «Қазақстан халқына» қоры арқылы 1410 балаға квота бөлініп, ол балалар 4 ауысым бойынша лагерьде демалып жатыр. Іріктеп алып, аудан-қалалық білім бөлімі ата-ананың арызы негізінде категорияға сәйкес келетін болса, балаларды демалысқа жібереді.