СҚО-ның аудан орталығында жас көшеттер қурап қалды

Солтүстік Қазақстан облысының аудан орталығында жас көшеттер өспей қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл көктемде Мамлютка қаласында 620 түп тал-терек және қарағай егіледі. Бірақ жас өскін жаппай қурап, сол күйі бүршік жармады.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Биыл Мамлютка қаласының кіреберісіне осынша ағаш отырғызылды.  Бірақ бірде-біреуі көктеп шыққан жоқ. Міне, күннің астында қурап тұр.

Жергілікті билік өкілдерінің қаланы көгалдандырамыз деген ойы осылайша іске аспай қалды. Көктемде егілген жас көшеттер қадалған күйі көзге күйік болып тұр.

Рақымжан Тоқтанаев, Мамлют ауданының тұрғыны:

- Мынау жайқалып, көк болып тұрмағаннан кейін адам да байқамайды екен. Мен қазір байқап тұрмын осыны. Шығын ғой бұның бәрі.

Тал- терек, қарағай – барлығы 620 түп. Тұрғындардың айтуынша, жас көшеттер батпақты, тұзды жерлерге егілген.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Ал мына бір жас көшеттер тура қамыстардың ортасына отырғызылған. Бұны ағаш деп те айтуға болмайды. Қурап қалған қу таяқ.

Құжатта көрсетілгендей ағаштың биіктігі 2 метрден кем болмауы тиіс. Бірақ кейбір көшеттер тізеден ғана келеді. Қала тұрғындары биылғы абаттандыру жобалары ойдан шықпады дейді. Мысалы, мына жердегі саябақ аяқсыз қалған. Айналасындағы ағаштар да аянышты күйде тұр.

Мария Прудко, Мамлютка қаласының тұрғыны:

- Отырғызғаннан кейін ешкім де келіп қол ұшын тигізген жоқ. Бәрін шөп басып кетті. Одан орындықтар қоямын деген. Ол да болмады.

Биыл Мамлютка қаласын жасыл желекпен көмкеруге 6 млн теңге бөлінді. Енді шенеуніктер бар кінәні мердігер ұйымнан көріп отыр. Олардың айтуынша, жас көшеттер күтімсіз қалған.

Амир Бектеміров, Мамлютка қаласы әкімінің орынбасары:

- Техникалық сипаттамаға сәйкес ағаштар күн сайын суарылуы тиіс еді. Кепілдік мерзімі – 3 жыл. Бірақ бірде-бір міндеттеме орындалмады. Сондықтан сотқа жүгіндік.

Әзірге мердігер ұйымға бірде-бір теңге төленген жоқ. Ал тараптар соттасып болғанша қала көшелері қурап қалған көшеттермен тұра бермек.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков.