Жетісу облысы Сарқан ауданында өрттің қауіптілігі жоғары болып тұр
Жетісу облысының Сарқан ауданындағы Бөрлітөбе орман шаруашылығының аумағында өрт қаупінің алдын алуға арналған кезекті рейдтік шара өтті.
Өйткені Балқаш жағалауындағы бұл шөлді және шөлейтті өлкеде күннің күрт ысуына және қатты жел тұруына байланысты өрт қауіптілігі төртінші деңгейге жеткен. Жетісу облысында биыл 4 орман өрті болып, 100-ден астам жану дерегі тіркелді. Одан 2 млн теңге көлемінде материалдық залал келді.
«Бөрлітөбе» орманшылығының қызметкерлері күнделікті жұмысын өздеріне бекітіліп берілген аумақты атпен және мототехникамен бақылаудан бастайды. Олардың қарауында 14 жылқы және 6 мотоцикл бар. 1995 жылы құрылған бұл мекемеде бұған дейін 52 адам қызмет етіп келген еді. Абай облысында болған өрттен кейін тағы 19 адам штатқа алынып, «Құрақсу» орман шаруашылығынан өрт сөндіру станциясы ашылды.
Ержан Исағалиев, Сарқан аудандық ТЖБ бас маманы:
- Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлерімен және орман шаруашылығымен күнделікті патрульдеу жүргізіліп жатыр, атпен патрульдеу. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты. 2022 жылы «Бөрлітөбе» орман шаруашылығында 2 өрт оқиғасы тіркелген. Жалпы аумағы 25 гектар. 2023 жылы өрт оқиғасы тіркелген жоқ.
Ерден Жайлаубеков, "Бөрлітөбе" орманшылығының директоры:
- Қазіргі таңда материалдық база бізге жетпей жатыр. Бізге әлі екі пожарный автокөлік керек осындай. Одан 9 трактор керек. Рациялар жетпей жатыр, адам қосылып жатыр. Өрт қауіптілігі өте көп бізде. Мына жақта Балқаш жағалап жатыр қамыспен, мына жақта Ақсу өзені, мына жақтан Лепсі өзені. Соның бәрін біздің орманшылар қорғап жатырмыз.
Орманшылар техникалық тұрғыдан жарақтандырумен қоса үкіметтен жалақыны көтеру мәселесін де сұрап отыр. Өйткені олар ай сайын 75-ақ мың теңге айлық алады. Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Сарқан ауданындағы шаруа қожалықтары мен жол бойындағы жанармай құю бекеттерін аралап, өрт қауіпсіздігі шараларын түсіндірді. Өйткені қазір ауданда егін орағы қызу жүріп жатыр.
Ермек Қалиев, шаруа қожалығының басшысы:
- Күн ыстық болып тұр. Құрғақ қазір. Өрт қаупі жоғары. Сондықтан өртке қарсы барлық шараларды сақтауға тырысамыз. Әрбір егістік алқаптарды шапқан кезде бірінші поляларды шетінен шауып шығады да, жыртып тастаймыз. Өрт бола қалса басқа поляларға ауыспайтындай.
Жетісу облысында биыл 4 орман өрті болды. Одан мемлекетке 2 млн теңгеден астам материалдық залал келген. Мобильді топтар орман және дала алқаптарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында 522 рейд жүргізді. Соның нәтижесінде 39 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олардан мемлекет пайдасына 668 мың теңге өндірілді.
Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев