Астанада мүгедектігі бар азаматтар 900 рет мобильді қосымшаның көмегіне жүгінген
Мүгедектігі бар азаматтар 900 мәрте мобильді қосымшаның көмегіне жүгінген.
Аталған қосымшада шілде айынан бері инватакси қызметі іске қосылды. Жоба пилоттық режимде Астана және Алматы қалаларында жүзеге асырылып жатыр. Дәрігер қорытындысына сәйкес тасымалдауға мұқтаж жандар осы қосымша арқылы тапсырыс береді.
Астаналық Гүлжиян – ІІ топ мүгедегі. Есту қабілетінің кемістігі бар. Гүлжиянның инватаксиге көңілі толмайды. Оның айтуынша, такси қызметі тек қала шекарасымен шектелмеуі тиіс. Мәселен, Астанада ем қабылдауы қажет Көкшетау тұрғынын ауруханаға дейін инватакси алып келуі керек.
Гүлжиян Әлібекова, ІІ топ мүгедегі:
- Инватакси қызметіне қолы жетпей жүргендердің бірі мен. Бұл әрине көңіліме қаяу түсіреді. Ол жерде мүгедектігіне қарай алалайды. Яғни І-топ мүгедегі ғана таксимен жүруге құқы бар. Инватаксидің тағы бір ыңғайсыздығы – баратын уақытыңды бір күн бұрын айтуың керек, өтініш жіберуің керек. Баратын жерлеріңді көрсету қажет. Өтініште көрсетілмеген мекен-жайға бара алмайсың. Яғни бір жерге барып, аяқ астынан басқа мекемеге баруың керек болса, жаяу кетесің.
Инватакси қызметіне алдын ала өтінім беру қажет емес. Яғни, жолаушы тапсырыс берген сәтте ғана баратын мекенжайын көрсетеді. Жоба шілде айынан бастап Астана мен Алматыда пилоттық режимде қолға алынды. Бүгінге дейін оператор 900-ге жуық тапсырыс қабылдаған.
Сәкен Ділдахмет, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы:
- Осы уақытқа дейін инватакси қызметін мүгедектігі бар азаматтар, мысалы қолдану үшін алдын ала, бір күн бұрын, бірнеше күн бұрын өтінім беріп, хаьарласып, қолданатын ол қызметті. Қазіргі таңда осындай такси агрегаторының көмегімен олар ешбір алдын ала тапсырыс бермей, қазір қолданып, өзінің барар мекенжайын көрсетіп, жаңағы мобильді қосымшада көрсете алады.
Биыл Астана әкімдігі инватаксиге 595 млн теңге бөлді. Қазір мүгедектерге 113 автокөлік қызмет көрсетеді. Алайда, олардың 16-сы ғана қажетті құрылғылармен жабдықталған. Ал пилоттық жобаға қала қазынасынан 2 млн теңге қарастырылып отыр.
Айнұр Әубәкірова, Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы:
- Мұқтаж адамдар саны екі жарым мың адам. Бірақ та, оның бір жарым мыңы ғана инватакси қызметін алады. Оның ішінде, 10 шілдеден бастап бізде пилоттық жоба жүзеге асырылды. Бұл жобада қазіргі таңда 39 адам инватакси қызметін алады. 10 шілдеден 1 тамызға дейін 400-ге жуық поездка жасалынған.
Таксимен тек қала ішінде жүруге рұқсат берілген. Әйтсе де, мамандар мобильді қосымша қызметіне сұраныс еселеп артатынына сенімді. Себебі тұтынушылар жаңа тетікке жоғары баға беріп жатыр. Тиісінше келешекте қаржыландыру көлемі артып, өзге өңірлерде де қолға алынуы мүмкін.
Нұрқанат Қанапия, Ербол Дайыров, Наурызбай Құрманғазы