Семейдегі қорымнан Абай ұстазының зираты табылды
Ұлы Абайға Семейдегі медреседе дәріс берген ұстазы Риза ад-Дин ибн Уәлидтің зираты табылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мұндай жағымды жаңалықты Абай күніне орай ұйымдастырылған дөңгелек үстелде жергілікті тарихшылар жеткізді.
Ақын 1855-1859 жылдары оқыған медреседе ұстаздық қылған Риза ад-Дин ибн Уәлидтің қабірін Семейдегі ескі қорымнан тапқан – жас тарихшы Мадияр Насыров. Қабірге қойылған тас 147 жыл өтсе де құламай сақталған екен.
Мадияр Насыров, тарихшы:
- Бұл тасты биыл 6 шілдеде таптық. Үлкен үлес қосқан жергілікті діндәр Рамиль Рахымбаев болды. Екеуміз бұл зиратты 2 ай көлемінде зерттеп, тастарын оқыдық. Арабша 1876 жылы жерленген Риза ад-Дин ибн Уәлид. Төртінші мешіттің имамы. Төртінші мешіт – қазіргі ағаш мешіттің орны.
Жергілікті зиялы қауым өкілдерінің пайымынша, бұл – абайтануға қосылған тың жаңалық. Өйткені халық бұған дейін Ахмет пен Ризаны бір адам деп ойлап келген.
Мұхтарбек Кәрімов, тарихшы:
- Ахмет пен Ризаның екі адам екендігін дәлелдеп отыр. Біреуі – Риза ад-Дин. Ол кісі – үлкен имам, үлкен ғұлама. Осы Семейде болған, медресе ұстаған. Бүкіл елге мәшһүр болған кісі. Одан тәрбие алған, үлкен дәрежеге жеткен – Ахмет Уәли. Сонда, байқасаңыз, екеуі де медреседе сабақ берген. Екеуінде де медресе болған. Келе-келе осы жердің мұсылмандары, татары, қазағы, сарты – барлығы біріктіріп айтып, Ахмет-Риза деп осыдан шығып кеткені байқалып тұр. Меніңше, бұлар абайтануға үлкен бір жаңалық енгізіп отыр.
Мадияр Насыровтың айтуынша, Ахмет Уәли де, Абай да – Риза ад-Диннің шәкірттері. Ол 1847-1876 жылдары жергілікті жұрт Ағаш мешіт атайтын мешітте имам әрі мүдәріс, яғни ұстаз болып қызмет еткен.
Мадияр Насыров, тарихшы:
- Айдын Жүнісхановтың хабарлауынша, туған жылы шамамен 1811-1812 жылдар. Бұл кісінің өміріне қатысты архивтік құжаттар немесе естеліктер кездескен жоқ. Бірақ балалары болған. Бүгінгі таңда бар ма екен, бүгінгі жетті ме екен, оны әлі анықтаған жоқпыз. Дегенмен бұл кісінің қала тарихындағы орны зор.
Асқар Мұқанов, Абай облысының бас имамы:
- Алдағы күндерде біз ол жерді ақылдаса келе, бәлкім, арнайы орын ретінде жасауды жоспарлап отырмыз. Қанша дегенмен де еліміздің үлкен тұлғасы болып өскен һәкімді тәрбиелеген ұстаздарының бірі ретінде құрмет көрсетуіміз керек.
Айта кетейік, Абай күні биыл жаңадан құрылған Абай облысында екінші мәрте кең көлемде атап өтіліп жатыр. Кеше Жидебайда республикалық «Абай оқулары» байқауы мәреге жетті. Биыл 24-інші мәрте ұйымдастырылған сайысқа еліміздің 16 өңірінен 130-дан астам оқушы қатысты. Ал бүгін Семей жұртшылығы һәкім ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым жасады.
Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы.